Ұлттық банк тәркіленген криптовалюталарды сақтайтын қор құру туралы ұсынысты қолдамады. Бұл туралы бүгін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айта кетсек, бұған дейін Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков Ұлттық банк жанынан криптовалюталарды сақтайтын мемлекеттік резерв құруды ұсынып, Үкіметке депутаттық сауалмен жүгінген. Оның айтуынша, бізде қылмыстық істер шеңберінде тәркіленген криптоактивтерді сақтау мәселесі реттелмеген, яғни тиісті құқықтық техникалық тетіктің болмауы үшінші тұлғалар арқылы осы активтерді жоғалту, ұрлау және заңдастыру тәуекелдерін тудырады.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов мұндай активтер мемлекет табысы болып табылатынын және олардың Қаржы министрлігі қарауына берілетінін баса айтты.
"Кез келген тәркіленген зат – бюджет табысы. Бізде Қаржы министрлігі бар, оның жанында Мемлекеттік мүлік комитеті деген бар. Міне, осы комитет тәркіленген заттарды өз қарамағына алып, бағалап, аукциондар өткізіп, одан түскен қаражатты бюджетке аударады. Сондықтан Ұлттық банк жанынан қандай да бір жеке-дара қор құрудың қажеті жоқ", - деді ол.
Бұған дейін Ұлттық Банктың криптовалюталар айналымын реттейтін болғаны туралы жазғанбыз.