Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков Ұлттық банк жанынан криптовалюталарды сақтайтын мемлекеттік резерв құруды ұсынды. Бүгін ол Үкіметке осындай депутаттық сауалмен жүгінді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутат парламенттік бақылау шеңберінде қаржы жүйесінің тұрақтылығына, азаматтардың қауіпсіздігіне және мемлекеттік институттардың беделіне қауіп төндіретін цифрлық активтерді реттеу саласындағы жүйелі олқылықтар мен тәуекелдер анықталып отырғанын баса атап өтті.
"Біріншіден, бізде осы уақытқа дейін қылмыстық істер шеңберінде тәркіленген криптоактивтерді сақтау мәселесі реттелмеген. Тиісті құқықтық техникалық тетіктің болмауы үшінші тұлғалар арқылы осы активтерді жоғалту, ұрлау және заңдастыру тәуекелдерін тудырады. Екіншіден, өзін криптокоуч деп атайтын блогер-сымақтардың қызметі арқылы жастар көлеңкелі крипто нарыққа жаппай тартылуда. Арнайы лицензиясы жоқ бұл адамдар заңсыз платформалардың қызметін жарнамалай отырып, яғни осылайша заңнаманы бұзуда азаматтарға кепілдендірілген кірісті уәде етеді. Үшіншіден, екінші деңгейдегі жекелеген банктер құқықтық алаңнан тыс крипто нарықтағы операцияларға қызмет көрсету үшін тартылуда", - деді Олжас Құспанов Мәжілістің жалпы отырысында.
Ол Қаржылық мониторингі агенттігінің деректерін де алға тарта кетті. Оған сәйкес, екінші деңгейдегі 10 банктің шоттары арқылы 4,2 млрд теңгеден астам сомаға операциялар жасалған.
"Ішкі бақылау механизмдері көп жағдайда қолданылмайды. Белгіленген заңдағы тыйымдарға қарамастан, лицензиясы жоқ крипто биржалар іс жүзінде жұмысын жалғастыруда. Олардың қызметі App Store және Play Market-те қолжетімді, бұқаралық іс-шараларға тартылып, әлеуметтік желілерді қоса алғанда, емін-еркін жарнамалануда. 2023 жылы Қазақстандағы крипто айналымының 86,2% - ы, яғни 3,5 млрд доллар заңсыз сегмент арқылы өтті", - деді депутат.
Сондықтан депутат Ұлттық банк жанынан алынған криптоактивтерді сақтау үшін мемлекеттік цифрлық резерв құру мәселесін қарауды ұсынады.
Сондай-ақ, ол осы қызметті міндетті түрде лицензиялауға жатқыза отырып, заңнамаға инвестициялық коучинг ұғымын енгізуді, ал заң бұзушылардың аккаунттарын бұғаттауды да ұсынады.
"Ақша аударымдарына аудит жүргізу, банктер тарапынан талаптардың сақталуына қатысты ішкі бақылауды күшейту қажет. Лицензиясы жоқ крипто биржалардың сайттары мен қосымшаларын бұғаттауға бастамашы болып, сондай - ақ рұқсат етілген платформалардың ресми тізімін жариялау қажет", - деп сөзін түйіндеді депутат.
Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, Қазақстанда ресми түрде 75 майнер тіркелген.
"Соңғы үш жылда салықтардың барлық түрлері бойынша салықтық түсімдердегі олардың үлесі 17,7 млрд теңгені құрады, оның ішінде цифрлық майнинг төлемі 11,6 млрд теңге болады. 2024 жылғы салықтық тексерулер кезінде 4,9 млрд теңгеге салықтарды қосымша есептеуге әкеліп соққан бұзушылықтар анықталды, оның ішінде: 2,3 млрд теңге — цифрлық майнинг үшін төлем, 2,6 млрд теңге корпоративтік табыс салығы құрайды", - деп хабарлады МКК.