Qazaq Air ұшқыштары жалақы жүйесіне наразылық білдіруде

Dalanews 12 қаз. 2025 14:25

Qazaq Air әуе компаниясының ұшқыштары басқарма төрағасы Әділбек Өмралиевтің атына жазған өтінішінде өздерінің терең наразылығын білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz КазТАГ агенттігіне сілтеме жасап.

«Біз, ұшқыштар ұжымы, сізге еңбекақы төлеудің қолданыстағы жүйесін қайта қарауды сұрап жүгінеміз. Соңғы жылдары біз бірнеше рет компания мүддесін ескеріп, басшылық бастамасымен жылдық ұшу нормасын 900 сағатқа дейін ұлғайту туралы келісімге қол қойдық; жазғы маусымда жоспарланған демалыстардан бас тартып, өндірістік бағдарламаның орындалуын қамтамасыз еттік; Crew Control сұрауы бойынша демалыс күндері де қосымша рейстер орындаймыз; жұмыс кестесінің тұрақтылығын сақтау үшін іс жүзінде еңбек демалысы мен ауру демалысын пайдаланбаймыз. Соған қарамастан, бүгінде ұжым ішінде елеулі наразылық тудырған жағдай қалыптасып отыр»,- делінген Qazaq Air-дің қазіргі қызметкері растаған үндеуде.

Құжатта наразылықтың негізгі себептері көрсетілген.

 

  1. Нақты жұмыс жүктемесі

«Орташа айлық ұшу уақыты 80 сағат болғанымен, Q400 ұшағын басқаратын пилоттар айына шамамен 50 рет ұшып-қону операциясын орындайды. Ал дәл осындай ұшу уақыты кезінде Boeing немесе Airbus ұшқыштары бар болғаны 20–25 рет қана ұшып-қону жасайды. Белгілі болғандай, ұшу мен қону- ұшқыш жұмысының ең жауапты әрі күрделі кезеңдері, олар барынша шоғырлануды және жоғары кәсібилікті талап етеді. Демек, Q400 ұшқыштарының нақты жұмыс жүктемесі басқа әуе кемелеріне қарағанда едәуір жоғары, бұл өз кезегінде шаршаудың артуына және жұмыс қабілетінің төмендеу қаупінің өсуіне әкеледі»,- делінген хатта.

 

2. Еңбекақы деңгейі

«Біздің компаниядағы ұшқыштардың жалақысы Қазақстандағы өзге әуе компанияларындағы әріптестермен салыстырғанда екі есеге жуық төмен. Көктемде жүргізілген жалақы өсімі жалпы табысқа айтарлықтай әсер еткен жоқ. Мұндағы мәселе көбірек табу емес, еңбекақының нарықтық жағдайға сай әділ төленуінде»,- деп көрсетілген үндеуде.

 

3. Кадрлық мәселе

«Қазіргі командирлердің басым бөлігі зейнеталды жаста. Ал олардың орнын басуы тиіс жас екінші ұшқыштар төмен жалақы мен мотивацияның болмауына байланысты басшылық лауазымдарға ұмтылмайды. Соның салдарынан тәжірибелі екінші ұшқыштар бәсекеге қабілетті жалақы мен жақсы шарттар ұсынатын басқа компанияларға кетіп жатыр. Тек 2024–2025 жылдары компаниядан сегіз командир мен сегіз екінші ұшқыш кеткен, олардың арасында бұрынғы бас ұшқыш пен бірнеше нұсқаушы бар. Бұл - компания үшін кадрлық әлеуетті әлсіретіп, ұшу қауіпсіздігіне теріс әсер ететін елеулі шығын. Қазір компаниядағы екінші ұшқыштардың көпшілігі – тәжірибесі аз жас мамандар, бұл жаңа командирлерді даярлауды қиындатады»,- делінген құжатта.

 

4. Командирлер еңбекақысындағы айырмашылық.

«Жергілікті және шетелдік командирлердің еңбекақысында айтарлықтай айырмашылық сақталып отыр. Алайда олардың жауапкершілігі мен жұмыс көлемі бірдей. Мұндай тәжірибе ұжымдағы моральдық ахуалға теріс әсер етіп, жергілікті ұшқыштардың ынтасын төмендетеді»,- дейді пилоттар.


5. Түнгі рейстерге төлем.

«Қазақстандағы және әлемдегі барлық әуе компанияларында түнгі рейстер бөлек және жоғары тарифпен төленеді. Ал бізде «Түнгі ауысым» жүйесі қолданылады, ол түнгі ұшулардың нақты ерекшелігі мен жүктемесін ескермейді»,- деп атап өтті ұшқыштар.

 

Осы айтылғандарға сүйене отырып, олар компания басшылығынан келесі шараларды қабылдауды сұрады:

  • түнгі рейстерге ақы төлеу тәсілдерін қайта қарау;
  • әуе кемесі командирлерінің еңбекақысын кемінде 30%-ға арттыру;
  • екінші ұшқыштардың еңбекақысын кемінде 50%-ға арттыру;
  • барлық ұшқыштар үшін ұшу уақытына төленетін ақы мөлшерін 30%-ға көбейту.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар