Ұлттық Банк ең жоғары инфляция көрсеткіші тіркелген өңірлердің атын атады

Кәмшат Тілеухан 16 шіл. 2025 16:31

Маусым айының қорытындысы бойынша Қазақстанның облыстары мен ірі қалаларында инфляция көрсеткіштері қаншалықты өсті? Бұған қатысты толыққанды мәліметтермен Ұлттық Банктің баспасөз қызметі бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық Банктің мәліметінше, жылдық инфляция 2025 жылғы маусымда 11,8%-ға дейін жеделдеді (мамырда – 11,3%). Жылдық инфляция 7 өңірде жалпы республикалық деңгейден жоғары қалыптасты. Инфляцияның ең жоғары мәні Алматы қаласында (13,8%) тіркелді.

Ұлттық Банк азық-түлік пен азық-түлікке жатпайтын тауарлар, сондай-ақ ақылы көрсетілетін қызметтер бағасының жылдық мәндегі өсімі тиісінше 10,6%-ға (мамырда – 9,6%), 9,4%-ға (мамырда – 9,0%) және 16,1%-ға дейін (мамырда – 16,0%) қарқын алғанын нақтылайды.

Қазақстанда азық-түлік тауарларының бағасы Ақмола облысында (12,5%), Қарағанды облысында (12,0%), Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында (11,9%-дан), Абай облысында (11,7%), Шымкент қаласында (11,5%), Жетісу облысында (11,4%), Астана қаласында (11,1%), Түркістан (11,0%) мен Ұлытау (10,8%) облыстарында ел аумағында қалыптасқан деңгейден (10,6%) жоғары болды.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы Түркістан (12,5%), Абай (11,4%), Ұлытау (11,3%), Атырау (11,0%), Ақтөбе (10,7%), Ақмола (10,6%), Солтүстік Қазақстан (10,3%), Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында (10,1%), Қызылорда облысында (9,9%), Астана қаласында (9,7%) және Маңғыстау облысында (9,5%) елдегі деңгейден (9,4%) жоғары өсті.

Ақылы көрсетілетін қызметтер бағасы Алматы қаласында (23,4%), Қарағанды облысында (18,1%), Жамбыл облысында (16,7%), Батыс Қазақстан облысы мен Астана қаласында (16,4%) және Атырау облысында (16,2%) жалпы республикалық деңгейден (16,1%) жоғары болды.

2025 жылғы маусымда елімізде айлық инфляция 0,8% болды. Айлық инфляцияның ең жоғары мәні Ақмола және Абай облыстарында (1,3%) тіркелді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар