Бұған дейін Қазақстан Ұлттық Банкі Статистикалық ақпараттың шығу кестесіне сәйкес есепті тоқсан аяқталғаннан кейін 90-күні сыртқы борыш бойынша есепті деректерді жариялаған болатын. Енді оған қосымша ҚР сыртқы борышын алдын ала бағалау жарияланатын болады.
"Мұндай жарияланымдар тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың соңғы күнінде, тиісті кезең үшін төлем балансын алдын ала бағалау туралы ақпарат шығарумен бір мезгілде жүзеге асырылады", делінген сейсенбідегі хабарламада.
Қазақстан Республикасының сыртқы борышының көлемі 2024 жылдың басынан бастап жылда 2,3 млрд. АҚШ долларына (бұдан әрі – доллар) ұлғайып, 2024 жылғы 1 қазанда 165,8 млрд. долларды құрады.
- 91 658 000 000 тікелей инвестицияларға (фирмааралық берешек) тиесілі;
- 45 513 000 000 – басқа секторларға;
- 13 265 000 000 – банктердің қарыздары;
- 12 724 000 000 – мемлекеттік басқару органдарының борыштары;
- 2 470 000 000 – ҚР Ұлттық Банктің борышы.
Сыртқы борыш белгілі уақыттағы өтелмеген резиденттердің бейрезиденттер алдындағы негізгі борышты және/немесе пайызды төлеуді талап ететін нақты және сөзсіз міндеттемелерін білдіреді, деп нақтылайды Ұлттық Банк.
Бұған дейін сайтымызда экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбековтің 2025 жылы болуы мүмкін үш дағдарыс туралы айтқанын жазған едік. Соның бірі сыртқы қарыздарды қамтиды.