Ұлттық Банк басшысы "Самұрық-Қазына" қоры таратылса не болатынын айтты

Кәмшат Тілеухан 05 мау. 2025 16:23

ҚР Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов арнайы өткен брифинг барысында журналистер қойған сауалдарға жауап бере отырып, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын тарату ұсынысына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тимур Сүлейменов "Самұрық-ҚазынаҰӘҚ" АҚ бастапқыда нақты сектордағы барлық мемлекеттік активтердің бірыңғай қағидаттар бойынша, бірыңғай тәртіпке сай бірыңғай мақсатта бірыңғай жүйеде болуы үшін құрылған.

"Менің ойымша, қазіргі қор бұған қол жеткізе алды. Егер тарату жүргізілсе, онда олар салалық министрліктердің қарамағына өтіп, мәселені министр шешуі керек болады. Бірақ, менің ойымша, мұндай жағдайда ашықтық жойылып, шатасулар көп болады, өйткені бірыңғай вертикаль жоқ қой", - дейді ол бұл ретте.

Оның айтуынша, мұндай орталықтандыру жүйесі бәрібір қажет.

"Оны әлемдегі ең тиімді қор деп ешкім айтып жатқан жоқ. Бірақ, соған қарамастан, біз әрқашан балама жағдайларға көз жүгіртуіміз керек. Менің ойымша, баламасы нашар. Ал үкіметтің, қордың да өз-өзін жетілдіру тұрғысында жүргізіп жатқан реформасына келетін болсақ, онда бұл сұрақты солардың өзіне бағыттаған дұрыс болады", - деп сөзін түйіндеді Ұлттық Банк басшысы.

Айта кетсек, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорында реформа жүріп жатқанына біраз болды. Алайда, биыл, 2025 жылы 27 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтіліген отырысында Мемлекет басшысы аталған реформа барысына көңілі толмайтынын жеткізді, сөйтіп ақпан айында бұл мәселені май-шаммен қарайтынын айтқан. Ал 21 ақпанда Президент Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайловты қабылдағанда "Самұрық-Қазына" мен бірқатар ұлттық компанияларларға аудиторлық тексеріс жүргізілетіні де белгілі болды. Мәжіліс қабырғасында 2025 жылы 19 мамырда депутат Әділ Жұбанов "Самұрық-Қазына" қорын таратуды ұсынды. Ол бір де бір отбасы мүшесі кәсіпкерлікпен айналыспаған, бірақ бізде өте бай тұратын азаматтарды білетінін, ұрлауға ыңғайлы болу үшін барлық байлықты бір қолға ұстатып қойғанымызды айта келе, "Самұрық-Қазына" қызметіне қарсы екенін, оны таратып, бәсекелестік ортаға беру қажеттігін айтты. Қаржыгер-маман Ілияс Исаев қор тараса, ескі Қазақстанның да дәуірі тәмамдалатын сияқты деп санайды. Қаржыгердің пікірінше, шетелге тоқтамай, ағылып кетіп жатқан ақшаның артында осы "үлкен құс" тұрған секілді. Ал күні кеше Мәжілісте есеп берген Жоғары палата төрағасы Әлихан Смайылов "Самұрық-Қазына" қорына аудит жүргізіліп жатқанын, соның ішінде қор топ-менеджерлерінің алған бонустарының заңды-заңсыздығы да тексерілетінін айтты. Ал бүгін арнайы брифинг барысында "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ» АҚ-ның Даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан Жоғары аудиторлық палата қорға аудит жүргізіп жатқанын растады. Оның айтуынша, аудит бір айға созылады деп күтіледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар