Қазақстанда банктер депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендетуге кірісті. Бұл өзгеріс Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешімінен кейін басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, маусым айында ең үлкен өзгерістер жинақ депозиттерінде, әсіресе толықтыру мүмкіндігі жоқ депозиттерде байқалған. Себебі дәл осы өнімдер бойынша табыстылық ең жоғары деңгейде болғандықтан, банктер алдымен осы сегменттегі мөлшерлемелерді қайта қараған.
Мөлшерлемелердің ең айтарлықтай төмендеуі орта және ұзақ мерзімді депозиттерде тіркелді. Сарапшылар мұны банктердің ұзақ мерзімде қаржыландыру құнының одан әрі арзандайтынын күтуімен байланыстырады.
Сонымен қатар қор банктердің депозиттік саясатында өзгерістер бірден болмайтынын атап өтті. Себебі әр қаржы ұйымы өз ішкі саясатына сай шешім қабылдайды, ал кейбір банктер бәсекелестерінің әрекетін бақылап, күту тактикасын ұстанып отыр.
Осыған байланысты депозиттер бойынша мөлшерлемелердің төмендеу үрдісі келесі айда да жалғасуы мүмкін. Бұған қоса, 2026 жылғы 24 шілдеде Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін жариялайды. Бұл бөлшек депозиттер нарығындағы мөлшерлемелердің одан арғы динамикасына әсер етеді.
Соған қарамастан, теңгедегі депозиттердің табыстылығы әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Әсіресе қысқа мерзімді депозиттер бойынша кірістілік тартымды болып қала береді. Қордың түсіндіруінше, бұл банктердің бәсекеге қабілеттілікті сақтап, халықтың ұлттық валютадағы жинақтарға қызығушылығын қолдауға тырысып жатқанын көрсетеді.
Еске салайық, 2026 жылғы 5 маусымда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 17%-ға дейін төмендеткен болатын. Осыдан кейін маусым айында 10 банк депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін қайта қарады. Өзгерістер депозиттердің барлық түріне әсер еткенімен, ең үлкен төмендеу жинақ депозиттері сегментінде тіркелді. Кейбір банктер депозит мерзіміне қарай мөлшерлемелерді бір жерде төмендетсе, кей жерде керісінше көтерген.