“Ұлыңның жанынан көріңді дайындап қой”. Айтбек Амангелді Шерзаттың отбасына жасалған қоқан-лоқы туралы айтты

Қаракөз Амантай 16 қаз. 2024 10:30 3547

Полиция 16 жастағы Шерзат Болат пен күдіктілердің арасында жанжал туындаған “Қамажай” дүкенінен видео жариялады. Ведомства бұл арқылы тергеудің заңға сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізгісі келді. Марқұмның отбасына көмек қолын созып жүрген құқық қорғаушы Айтбек Амангелді де соңғы жағдайларға байланысты пікір білдіріп, мемлекеттік органдардың кез келген ақпаратқа түсініктеме беруі маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, болжамды ақпараттардан қоғамда қате түсініктер қалыптасуы мүмкін.

“Шерзаттың ісі үлкен резонанс тудырды. Дүйім жұрт Қаржаубай мен Гүлбардың қайғысына ортақтасып, әділ шешім күтіп отыр. Осыған орай, ІІМ қазіргі уақытта қолдарында бар ақпаратты ұсынды. Бірақ видеода қақтығыстың басталуы ғана көрсетілген. Сондықтан материал оқиғаны толық сипаттамайды және күдіктілерді ақтауға еш негіз жоқ. Қоғам Шерзаттың себепсіз әрі жазықсыз ажал құшқанын біліп отыр. Бұл - күдіктілердің саналы әрі салқынқандылықпен жасаған әрекеті”, – деді құқық қорғаушы Baigenews.kz агенттігіне берген сұқбатында.

Айтбек Амангелді алғашқы күннен бастап Шерзаттың отбасына белсенді түрде көмектесіп келеді. Ол марқұмның ата-анасына тегін заң көмегін ұсынып, іске бірден үш адвокат пен құқық қорғаушы қосылды. Қазір Амангелді үйлестіру жұмыстарымен, БАҚ және әлеуметтік желілермен жұмыс істеп, адвокаттарға қолдау көрсетіп жатыр.

“Қазіргі уақытта зардап шеккендерге көмек көрсету желіміз арқылы марқұмның отбасына психологиялық қолдау да ұсынылды. Менде заңды өкіл мәртебесі болмағандықтан, тергеуге қатыса алмаймын, бірақ қалған барлық мәселені шешуге көмектесе аламын”, – деді ол.

Амангелді марқұмның отбасына бір рет қоқан-лоқы жасалғанын айтты.

“Біз іске араласқан сәттен бастап Шерзаттың әкесіне бір рет тікелей қоқан-лоқы жасалған. Бейтаныс адамдар Қаржаубайға адвокат көмектескісі келеді деген желеумен телефон тұтқасын алуын өтінген. Телефон арқылы Каржаубайға: "Егер тыныш жүрмесең, ұлыңның қасынан көріңді дайындап қой’, – деген”, – деді ол.

Айтбек Амангелді тергеу органдары бұл фактіні тексеріп жатқанын қосты.

Құқық қорғаушы жасөспірімді өлтірген күдіктілерге қатысты да пікір білдірді.

“⁠Аса қатігездікпен жасалған кісі өлтіру” бабы бойынша 20 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.Бір топ адам ұлын ата-анасының көз алдында қатыгездікпен өлтіргенін ескерсек, олар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы тиіс.

Қазақстанда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына қол жеткізу қиын. Бірақ біз бәрібір кісі өлтірушілерге өмір бойына жаза беруді талап етеміз және Қазақстандағы өмірдің маңызын түсіндіруге тырысамыз. Бұл, меніңше, дұрыс бағыт. Өйткені өмірден, әсіресе бала өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Шерзат та сондай бала еді”, – деді Айтбек Амангелді Baigenews.kz агенттігіне.

Еске салайық, бұған дейін марқұм Салтанаттың ағасы, құқық қорғаушы Айтбек Амангелді бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан Шерзаттың ісіне заңгерлер тобы білек сыбана іске кіріскенін хабарлаған еді.

“Соңғы екі күнде жәбірленушілермен жұмыс істеп, қолда бар ақпараттарды зерттеп шықтық. Мен заңгер емеспін. Сол себепті тергеуге қатыса алмаймын және материалдарға да қол жеткізу мүмкіндігім жоқ.  Бұл іспен заңгерлер айналысады. Менің басты міндетім отбасы мүддесін қорғауға бағытталған. Бұның тергеуге еш қатысы жоқ. Сондықтан істі Астанада жүріп-ақ, орындай аламын.

Қазіргі таңда заңгерлер тобы толық іске кірісті және өз міндеттерін жақсы атқарып жатыр. Егер қосымша көмек қажет болса, алғашқы күннен байланысқа шыққан заңгерлерімізді шақыра аламыз”, - деді Айтбек Амангелді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар