АҚШ Өкілдер палатасының мүшесі Дон Бэйкон Мемлекеттік департамент қызметкері Стив Уиткоффты Ресей мүддесін қолдап отыр деп айыптады. Айтуынша, Уиткоффтың позициясы АҚШ-тың Украинаға қатысты ресми ұстанымына қайшы келеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Ресей басқыншылығына қарсылық танытып, Украинаның егемен әрі демократиялық мемлекет болып қалуын қолдайтындар үшін Уиткоффтың толық Ресейді жақтап отырғаны айдан анық. Оған келіссөз жүргізуді сеніп тапсыруға болмайды. Ресейдің ақылы агенті бұдан бетер істемес еді. Оны қызметтен босату қажет”, - деді Бэйкон.
Bloomberg жариялаған Уиткофф пен Ресей президенті әкімшілігінің өкілі Юрий Ушаков арасындағы әңгімеден кейін басқа конгрессмендер де сынға қосылды.
Мәселен, конгрессмен Тед Лю Уиткоффты “нағыз опасыз” деп атады.
“Ол АҚШ-қа емес, Ресейдің мүддесіне жұмыс істеп отыр. Мұндай адамға мемлекеттік деңгейдегі ешбір міндет жүктелмеуі тиіс”, - деді.
Республикалық партия мүшесі Брайан Фитцпатрик те жағдайға алаңдаушылық танытты.
“Бұл - өте күрделі мәселе. Осындай жасырын кездесулер тоқтауы тиіс. Мемлекеттік хатшы Рубиоға өз міндетін адал әрі әділ атқаруға мүмкіндік беру қажет”, - деді ол.
Ал АҚШ-тың Ресейдегі бұрынғы елшісі Майкл Макфолл ұлттық қауіпсіздік саласында жүрген кез келген қызметкердің басты міндеті ең алдымен АҚШ-тың мүддесін қорғау екенін атап өтті.
“Әсіресе “Путин тәрізді соғысқұмар империялық биліктердің” мүддесіне қызмет етуге болмайды”, — деді ол.
