Украинадағы соғысты ашық айыптаған дін қызметкеріне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Қаракөз Амантай 08 мам. 2025 10:57 553

Орыс православ шіркеуінің (РПЦ) бұрынғы діни қызметкері Иаков Воронцов өзіне қатысты бір жарым жылға жуық жүргізілген қылмыстық істің тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Маған тағылған экстремизм бойынша айыптау ісі ақтау негізінде тоқтатылды – яғни менің әрекеттерімде қылмыс құрамы болмағаны анықталды. Кінәсіз екенімді дәлелдеу үшін 16 ай тергеу жүргізіліп, бірнеше сараптама тағайындалды. Шынтуайтында, бұл істің негізсіз, жала жабуға құрылғанын басынан-ақ көп адам түсінді. Бұл маған қарсы бағытталған кек алу әрекеті еді — менің шындық пен бостандық жолындағы азаматтық әрі христиандық ұстанымымды қаралау мақсатында жасалған”, – деп жазды Воронцов бейсенбі күні өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол өзіне қолдау білдірген барлық азаматқа алғыс айтты, әсіресе адвокаттар Диас Ахметов пен Ғалым Нұрпейісовке, сондай-ақ Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро мен құқық қорғаушы Евгений Жовтиске ризашылығын білдірді.

“Мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа екі рет хат жолдап, қорғауын сұрадым. Енді өз ризашылығымды білдіріп, оған алғыс хат жаздым — Қазақстанда ар-ождан бостандығы мен адам құқықтарын құрметтейтін, заң үстемдігін және ақыл-сананың салтанат құруын қамтамасыз ететін орта қалыптастырып жатқаны үшін. Сондай-ақ істі жүргізген тергеушіге де заңға адалдығы мен әділеттілігі үшін алғыс айтамын. Әрине, өмірімнің 16 айы желге ұшты десе де болады. Бұл мен үшін де, жақындарым үшін де ауыр сынақ болды, жүйкемізге салмақ салды. Бұның орнын ешкім толтыра алмайды. Бірақ мен ешкімге ренжімеймін. Бұл сәтті көп күттім, бірақ моральдық тұрғыда дайын болмай шықтым. Үлкен жоспарларым бар еді. Егер оларды жүзеге асыруға бел байласам, маған сіздердің көмектеріңіз керек болады, достарым!” – деп түйіндеді ол.

Еске салайық, бұған дейін Ресейдің Украинаға басқыншылығын ашық сынға алған діни қызметкер Иаков Воронцов полицияға шақыртылып, үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Ол бұл оқиғаның артында Ресейдің арнайы қызметінің ықпалы болуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Воронцовтың айтуынша, 2023 жылы 2 тамызда жазған әлеуметтік желідегі жазбасына байланысты белгісіз біреу eOtinish платформасы арқылы арыз түсірген. Жазбасында ол орыс фашизмі мен РПЦ туралы сыни пікір білдіргенін айтады. Осыған байланысты полиция қызметкерлері оған ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы – “Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру” бойынша түсініктеме беруді талап еткен.

“Мен өз пікірімнен бас тартпаймын. Араздық немесе өшпенділік туғызу ойымда болған жоқ. Қайта барша халыққа бейбіт өмір мен татулық тілеймін. Пікірім үшін жауап беруге дайынмын”, – деп жазды ол Facebook парақшасында.

Воронцов түсініктеме беруден алғашында бас тартқанын айтады. Алайда полиция қызметкерлері егер ол жазбаша түсініктеме бермесе, оның жазбасына лингвистикалық сараптама жасалатынын, бұл сараптама 174-бап бойынша іс қозғауға негіз болуы мүмкін екенін ескерткен.

Айта кетейік, Иаков Воронцов — қазақ тілінде діни қызмет атқарған тұңғыш орыс православ шіркеуінің өкілі. Ресей соғысты бастағаннан кейін ол агрессияны айыптап, Қазақстанды ҰҚШҰ құрамынан шығуға шақырған. Сонымен қатар, Мәскеу патриархатына бағынатын қазақстандық шіркеулердің тәуелсіздігін талап етіп, РПЦ-дегі иерархиялық басқару жүйесін қатты сынға алған.

2024 жылдың маусымында Воронцов ресми түрде шіркеудегі қызметін тоқтатқан. Оның сөзінше, соңғы бір жылда Қазақстан митрополит округының басшылығы оны бақылауда ұстауға тырысып келген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар