Үкімет пен әкімдердің жұмысын елдің тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз – президент Тоқаев

Көркем Алдабергенова 28 қаң. 2025 11:16 45305

Президент Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысып, ел экономикасының ахуалы мен алдағы міндеттерге байланысты маңызды мәлімдеме жасауда деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кездесуге Премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы, сондай-ақ бірнеше облыс пен ірі қалалардың әкімдері келіп, 2024 жылдың қорытындысы бойынша есеп береді.

Отырыстың басында Мемлекет басшысы әуелі әлемдік жағдайдың күрт өзгеріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, “жаңа технологиялық дәуір адамзаттың өмір сүру дағдысын түбегейлі өзгертуде”, сондықтан Қазақстан да “жаңа ахуалға сақадай сай болуға” міндетті.

“Біз Үкімет пен әкімдердің жұмысын, ең алдымен, экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың әл-ауқатына қарап бағалаймыз. Осы жұмыстың нәтижесі былтыр қандай болды? Негізгі міндеттер орындалды ма? Былтыр атқарылған істер, негізгі міндеттер мен оның орындалу деңгейі бүгінгі жиынның басты тақырыбы болмақ”, – деді Президент.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, 2024 жылғы жалпы экономикалық өсім 4,8 пайызды құраған. Бірқатар салада ілгерілеу байқалған, әсіресе, ауыл шаруашылығы 13% өсіммен ерекшеленген. Елдің түрлі өңірлері арасында ең жоғары көрсеткіш Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстары мен Астана және Шымкент қалаларына тиесілі.

Премьер-министр мұнай өндірісінің 2,4 млн тоннаға дейінгі қысқаруы жалпы ішкі өнімнің өсуіне теріс ықпал еткенін мойындауда.

Бектенов мұны “ірі кен орындарындағы жөндеу жұмыстары мен OPEC+ келісімінің шектеулеріне” байланысты деп түсіндірді. Экономикасы әлсіз аймақтар ретінде Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан мен Жамбыл облысы айтылды.

Президент Тоқаев Премьер-министрдің баяндамасын тыңдағаннан кейін Үкіметтің алдағы мақсат-міндеттеріне тоқталды.

Цифрландыру дәуіріне бейімделу, инновациялық технологияларды енгізу және өндіріс тиімділігін арттыру – “мемлекеттің бәсекеге қабілетін нығайтып, тұрақты дамуына жол ашатын басты факторлар” екені баса айтылды.

Сонымен қатар алдағы кезеңде жастарды жұмыспен қамту, өңірлердегі инфрақұрылым жобаларын жандандыру, әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру және салықтық-бюджеттік саясатты оңтайландыру мәселелері назарда болмақ.

Кеңейтілген жиын соңында вице-премьер Серік Жұманғарин, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен қаржы министрі Мәди Тәкиев баспасөз өкілдеріне арнайы брифинг өткізеді деп жоспарлануда. Журналистер мұнай өндірісіндегі өзгерістер, бюджеттің кіріс-шығыс балансы және келер жылға арналған экономикалық стратегия туралы нақты мәліметтерді осы баспасөз мәслихатынан күтеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар