Үкімет БЖЗҚ-дағы зейнетақы активтерін салуға болатын қаржы құрадарының тізімін бекітетінін қаулы жобасын әзірледі. Енді олардың арасынан дәстүрлі емес қаржы құралдарын да кездестіруге болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңа қаулы, негізінен, Ұлттық Банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ активтеріне қатысты. Инвестициялық шешімдер тізімін арнайы мақсаттағы компаниялардың акциялары мен үлестері, бағалы қағаздарды кепіл арқылы қарызға беру операциялары және басқа да баламалы құралдар есебінен кеңейту жоспарлануда. Жоба зейнетақы активтерінің ұзақ мерзімді кірістілігін арттыруы тиіс деп күтіледі.
"Жобада Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін оған балама құралдар, арнайы мақсаттағы компаниялар мен әріптестіктердің (Special Purpose Vehicle) акциялары мен үлестері және бағалы қағаздарды кепіл арқылы қарызға беру операциялары (Securities Lending) сияқты қосымша инвестициялау құралдарын қосу бөлігінде кеңейту көзделеді. Жобаны қабылдау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің кірістілігін ұзақ мерзімді кезеңде арттыру мақсатында қажет", деп түсіндіреді Ұлттық Банктегілер.
Балама инвестициялар – бұл жеке капитал қорлары (private equity), инфрақұрылым және жылжымайтын мүлік қорлары және хедж-қорлар сияқты дәстүрлі емес қаржы құралдарына салынған инвестициялар кіреді. Бұл активтер жоғары кірістілік әлеуетіне ие және тәуекелдерді әртараптандыруға ықпал етеді.
Арнайы мақсаттағы компаниялар мен әріптестіктің акциялары мен үлестерін арнайы мақсаттағы компанияларға (SPV) инвестициялау үшін пайдалану көзделеді. Олар белгілі бір тапсырма үшін жасалады, мысалы, жобаға немесе активке инвестиция салу үшін.
Бағалы қағаздарды кепіл арқылы қарызға беру операциялары берiлген бағалы қағаздарды мiндеттi түрде қайтару немесе олардың құнын өтеу талабы бойынша жүзеге асырылады. Қарыз алушы бағалы қағаздарды пайдаланғаны үшін комиссия төлейді, сондай-ақ басқа бағалы қағаздар мен ақшалай қаражат түрінде қамтамасыз етуді ұсынады.
Жаңа құралдар БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық профиліне сәйкес келеді және олардың ұзақ мерзімді сипаты мен рұқсат етілген жалпы тәуекел деңгейін ескереді. Аталған құралдар зейнетақы жинақтарының ұзақмерзімді перспективада табысын арттыруға бағытталған.
Құжат 6 қазанға дейін қоғамдық талқы үшін "Ашық НҚА" порталына орналастырылған.
Айта кетсек, 2025 жылдың 1 тамыздағы дерек бойынша, Ұлттық Банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің сомасы 24,3 трлн теңгені құрады.
Бұған дейін әлеуметтік осал топтарға жататын тұлғалар біржолғы зейнетақы төлемдері түрінде салық салынатын табысқа стандартты салық шегерімдерін қолдануға құқылы екенін, сондықтан 2021-2023 жылдары баспанаға және (немесе) емделуге ақша алған осы санағатты азаматтар жеке табыс салығын кері қайтара алатынын жазғанбыз.