ҰБТ-ға қатысты түбегейлі өзгерістер болмақ

Сағыныш Сардарова 06 қаң. 2026 15:37

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу форматын халықаралық стандартталған тесттерге сәйкес өзгерту жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Оқу-ағарту министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, қазір ҰБТ-ны жоғары оқу орындарына түсу кезіндегі негізгі іріктеу тетігі ретінде жетілдіру жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі формат негізінен математикалық және академиялық сауат бойынша аналитикалық қабілетті бағалауға бағытталған.

"Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар қарқынды дамып жатқан заманда білім алу тәсілдері де өзгеріп келеді. Бүгінде талапкерлер мектеп бағдарламасымен шектелмей, түрлі ақпарат көздерін пайдаланады. Сондықтан олардың жоғары оқу орнына қандай деңгейдегі аналитикалық және сыни ойлау қабілетімен келетінін анықтау маңызды", – деді Гүлжан Жарасова.

Ведомство өкілі биыл ҰБТ форматы өзгермейтінін нақтылады. Ал келесі жылдардан бастап тест тапсырмалары халықаралық стандартталған үлгілерге бейімделмек. Бұл жүйе жаттап алған білім көрсеткішін емес, оны тәжірибеде қолдану дағдысын бағалауға мүмкіндік бермек.

Оның айтуынша, жаңашылдық талапкерлерге қосымша жүктеме түсірмейді. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар