Асқар Құлыбаевқа тиесілі Қапшағай жағалауындағы жер телімдері мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Власть" мәліметінше, Алматы облыстық соты Асқар Құлыбаевқа тиесілі Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауындағы үш жер телімін мемлекетке қайтару туралы шешім шығарды. Бұл туралы сот алқасының қаулысы 21 мамырда қабылданған.
Қонаев қаласының прокуроры сотқа жүгініп, аталған үш жер телімі бойынша жасалған барлық мәмілені жарамсыз деп тануды сұрады. Оның айтуынша, бұл телімдер су қорғау аймағында орналасқан және олар тек уақытша жер пайдалану құқығымен ғана берілуі тиіс болған.
2024 жылдың ақпанында сот прокурордың талабын қанағаттандырмаған еді. Ол кезде судья су қорғау аймақтарының ені жер жеке меншікке берілгеннен кейін ғана белгіленгенін алға тартқан болатын. Алайда мамыр айының соңында Алматы облыстық соты бұл шешімді өзгертіп, барлық мәмілені жарамсыз деп таныды және жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтаруды міндеттеді.
Сот аталған жер телімдері бұған дейін Асқар Құлыбаевпен байланысы бар тұлғаларға тиесілі болғанын анықтады.
-
Алғашқы жер телімі 2004 жылы Қапшағай қаласының сол кездегі әкімі Сергей Зеленскийдің шешімімен Қадыр Алимбаевқа жеке меншікке берілген. 2006 жылы ол жерді «Тамыз-Ка» ЖШС сатып алған. Компания Құлыбаевтың немересі Бексұлтан мен келіні Найлә Құлыбаевтарға тиесілі болған.
-
Сол жылы көршілес телім «Жібек жолы – Қазақстан» ұлттық компаниясына берілген. 2006 жылдың қаңтарында ол телім «Трансхлеб» ЖШС-ға өткен, оның құрылтайшылары Асқар мен Бексұлтан Құлыбаевтар болған. Кейін бұл телім «Тамыз-Ка» ЖШС-ға берілген.
-
Үшінші телім де 2006 жылы «Жібек жолы – Қазақстан» ұлттық компаниясына берілген, сол кезде Құлыбаев компания президенті болған. Қыркүйекте бұл телімді де «Тамыз-Ка» сатып алған.
2016 жылдың 8 қыркүйегінде «Тамыз-Ка» ЖШС жоғарыда аталған үш телімді Асқар Құлыбаевтың өзіне сатқан.
Сот қаулысында бұл мәмілелердің барлығы "адал меншік иесінің" көрінісін жасау мақсатында жасалғаны айтылған.
Сондай-ақ, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы бұл телімдердің бірі су қорына жататынын көрсетіп, тек уақытша жер пайдалану құқығымен ғана берілетінін атап өткен. Екінші телімге қатысты да инспекция құрылыс тек 480 метрлік шектеуден тыс болған жағдайда ғана рұқсат берген. Үшінші телім бойынша келісім мүлдем болмаған.
Сот бұл телімдердің бастапқыда жеке меншікке өткізілуі заңсыз болғанын, яғни олар аукцион өткізбестен, нысаналы түрде берілгенін және бұл әрекет сол кездегі Жер кодексіне қайшы екенін мәлімдеді.
Сотта жер телімдерінің бірінде демалыс базасы орналасқаны анықталды. Онда тұрғын үй, жылу пункті, күзет үйі, гараж және монша бар. Қалған екі телім оған іргелес жатқан, құрылысы жоқ, бірақ көгалдандырылған аумақтар.
Сот шешімі жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енді. Қаулыны кассациялық тәртіпте алты ай ішінде даулауға болады.