Freedom Inside '26

88 жастағы профессор алаяқтарға алданып, пәтері мен 71 мың долларынан айырылғанын мәлімдеді

88 жастағы профессор алаяқтарға алданып, пәтері мен 71 мың долларынан айырылғанын мәлімдеді
видео кадры

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, география ғылымдарының докторы Марат Ишанқұлов Қазақстан президентіне үндеу жасап, алаяқтардың құрбаны болғанын айтты. Оның сөзінше, ол жалғыз баспанасы мен өмір бойы жинаған қаражатынан айырылған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алаяқтар өзін университет қызметкерлері ретінде таныстырған

Ғалымның студенттерінің айтуынша, бірнеше ай бойы белгісіз адамдар Марат Ишанқұловқа телефон шалып, WhatsApp арқылы хабарлама жіберіп отырған. Олар өздерін университет қызметкерлері, заңгерлер және мемлекеттік органдардың өкілдері ретінде таныстырған.

Студенттердің сөзінше, алаяқтар біртіндеп профессордың сеніміне кіріп, түрлі нұсқауларын орындатқан.

Пәтерін сатып, ақшасын долларға айырбастаған

Студенттердің мәліметінше, егде жастағы ғалым Астанадағы пәтерін 39 миллион теңгеге сатып жіберген. Одан кейін ол банктегі қаражатын шешіп алып, оны долларға айырбастаған. Кейін шамамен 71,4 мың долларды курьер арқылы белгісіз адамдарға берген. Оқиға бойынша полицияға арыз түсірілгеннен кейін қылмыстық іс қозғалған.

Студенттердің айтуынша, тергеу барысында ұрланған ақша табылып, қайтарылған.

Ақшаны заңгерге сеніп тапсырған

Алайда оқиға мұнымен аяқталмаған. Студенттердің нұсқасына сәйкес, профессордың мүддесін қорғауға тиіс болған заңгер сот процестері аяқталғанға дейін қаражатты сақтауға беру қажеттігін айтқан. Марат Ишанқұловтың айтуынша, осыдан кейін ол ақшасын қайтара алмаған.

Профессор президенттен көмек сұрады

88 жастағы ғалым қазір жалғыз баспанасынан да айырылып қалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ол мемлекет басшысынан істің әділ әрі объективті тергелуін қамтамасыз етуді сұрады. Студенттері ұстазын қорғауға шықты

Профессорды оның шәкірттері де қолдап отыр.

Олар Марат Ишанқұловтың 88 жаста екенін, оның балалары мен немерелері жоқ екенін атап өтті. Студенттердің айтуынша, ғалымның мүддесін қорғайтын жақын туыстары болмағандықтан, олар ұстаздарының жағдайына алаңдап отырғандарын жеткізді.