Түркияда соңғы 15 жылда кәмелет жасқа толмаған 542 821 қыздың некесі қиылған

Dalanews 21 сәу. 2020 10:08 773

Жақындағы Түркия парламенте қаралған «біртүрлі» заң  туралы блогер Нұрғали Нұртай өзінің парақшасында былай жазды:

«Түркия біраз жақын танитын елім ретінде алаңдата бастады. Түрік парламенті зорлау фактілерінде жәбірленуші 14 жастан асқан болса, қылмыс жасаушымен жас айырмасы 15 жастан артық болмаса екі жақты үйлендіріп татуластыру туралы заң жобасын қарап жатыр.

Нақтырақ былай жазылған: «Егер жәбірленуші мен қылмыскер некеде болса, құқық бұзушы қылмыс жасағанда жәбірленуші басқа біреуге тұрмысқа шықпаған, жәбірленушіге шағымданбаған, қылмыс жасалғанда жәбірленуші он төрт жаста болған, егер жәбірленуші мен құқық бұзушының он бес жастан асқан айырмашылығы болмаса, сот ісі тоқтап, сот бұзылды;  Сотталған жағдайда үкімнің орындалуын кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды».

Бұл, жәбір көрген әлі бойжетпеген жасөспірім қыздың жан дүниесіне түскен жараның, травманың құнын көк тиын етіп отырған, гуманизм шеңберінен тыс жиіркенішті нәрсе.

Қазір күнтәртібінде «ұл баланы да зорлау фактілері бар, оны да үйлендіру жолымен шешесіңдер ме?» деген пікірлермен наразылық өршіп тұр. «Ататүрік құрған зайырлы ел мұндай жайсыздықты заңына енгізбейді деп сенем».

  Түркияның кәмелеттік жасқа толмағандарды үйлендіру жағынан Еуропада алдыңғы орында екені (қыздарының 15 %-ы 18 жасқа дейін тұрмысқа беріледі)  туралы мәліметті бұған дейінталай мәрте көзім шалғанымен, аса мән бермеп едік.


Дейтұрғанмен, соңғы бірнеше айдан бері әлсін-әлсін күн тәртібіне шығарылған «біртүрлі» елді дүрліктірді.   Ең алдымен, ол неғылған «біртүрлі заң» екеніне тоқтала кетейік. «Өзін зорлаған еркекке тұрмысқа шығу» деп аталатын заң жобасы кәмелеттік жасқа толмағандарды зорлаған қылмыскерлерге жазадан жалтаруға мүмкіндік бермек.

Қазіргі таңда Түркия парламенті осы заңды алдын ала мақұлдады. Жаңазаңға сәйкес, егер қылмыскер ешқандай күш көрсетпеген болса және «өз құрбанымен некелесуге келіскен жағдайда» оған «рахымшылық жасалады». Түркия халқының бұған қатысты пікірі әдеттегідей екіге жарылып тұр. Аталған жайтты сынға алған сарапшылар бұл бастама заңдастырылған жағдайда балалар мен әйелдерді зорлау фактісі екі еселеніп, кәмелеттік жасқа толмағандарға үйлену жаппай белең алады деп алаңдайды.

Бұл туралы қоғам белсендісі Джем Карадайы былай дейді:

«Меніңше, әлемдегі ең артта қалған елдерге де жараспайтын заң жобасы. Әйелді немесе баланы зорлаған қылмыскермен отау құру — соған ұқсас қылмысты азайтады, я болмаса алдын алады деп ойлау надандық дер едім. 2005 жылдан бастап күшін жойған осындай заң жобасын өкінішке орай қазір қайтадан заңдастырғылары келеді. Біз, әрине, қоғам белсенділері бұған бейжай қарамаймыз! Егер де АҚ партия алда-жалда сондай әрекетке бара қалса, бүкіл Түркия халқы көтеріліске дайын тұрғанын, қамданып отырғанын айтқым келеді. Біз ондай заң жобасына қарсымыз, оның күшіне енуіне де қарсымыз!».

Түркияда қазіргі таңда 197 әйелдер ұйымы аталмыш заң жобасына қатаң түрде наразылық білдіруде. Сондықтан болар, президент Ердоған басқаратын Әділет және Даму партиясы аталған заңды күшіне енгізуді кейінге қалдыруды ұсынғанмен, жоғарыдағыдай әйелдер қоғамдары мен оппозицияның қатаң қарсылығына сәйкес заңдастыра алмай отыр.

Негізінде, «Өзін зорлаған еркекпен үйлендіру» заңы Түркияда бұрыннан бар. Оның күші тек 2005 жылы ғана жойылған болатын. Соның өзінде, мұндай заңсыздықтар кей аймақтарда  «шариғат бойынша некелесу» деген желеумен әлі де жалғасуда. Осыны алға тартқан билік 2016 жылдан бастап бұл тақырыпты қаузаудан жалығар емес.

Қазіргі уақытта наразы топтар, әсіресе оппозициялық Республикалық халық партиясы аталған заңды күн тәртібінен біржола алып тастауға үндеуде. Олар мұндай заң кәмелеттік жасқа толмағандарды жыныстық мақсатта пайдалануды заңдастыруға әкеп соғады дегенді алға тартуда. Жалпы, бұл мәселенің түрік ағайындардың талқысына түскеніне бірнеше жылдың жүзі болғанын да айта кету керек.

Мәселен, 2017 жылы Түркияда «егер қорқытып, күш қолданбаған» болса, кәмелеттік жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түскендерді жазадан босататын осыған ұқсас заң ұсынылған болатын.


Ол уақытта да бұл заң жобасы қоғам тарапынан педофилияны заңдастыру ретінде қабылданып, сондай қызу қарсыластан соң күн тәртібінен алынып тасталған еді. Сондай-ақ, БҰҰ да Түркияны «кәмелеттік жасқа толмағандарға қарсы заңсыз қылмыстың жаппай белең алуына жол ашады» деп, ескерту жасаған болатын. Жалпы, соңғы он жылда Түркияда әйелдердің жыныстық және физикалық күш көрсету фактілеріне қатысты шағымдары 40 пайызға артқан. Статистика бойынша, әйелдер арасындағы өлім-жітім санының басым бөлігі осындай күш қолданудың кесірінен орын алатын көрінеді.

Ердоған қандай ұстанымда?


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ерлер мен әйелдердің қоғамда тек құқықта ие болуы керек туралы бастамаға қатаң түрде қарсы. Ол тіпті гендерлік теңдік бастамасын «табиғатқа қарсы» құбылыс деп атайды. Кезінде бауырлас елдің президентінің әйелдерді жұмыс істемей, оның орнына кем дегенде үш баладан табуға шақырғаны әлемдік сарапшылардың бірталай талқысына түскен еді.

Оның «Жұмыс істеу үшін бала табудан бас тартқан әйел өзінің табиғи болмысына қарсы шыққан болып саналады» дегені де бар. Осының бәрінен шығатын қорытынды: Ататүрік салып кеткен сара жолдан ауытқыған президенттің түпкі мақсаты осы ойларын заңдастыру сияқты ма?..

Осы орайда, тағы да статискаға сүйенсек, Түркиядағы әйелдердің 38 пайызы өмірлерінде бір рет болса да, ерлер тарапынан физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған.


Түркияда соңғы он бес ішінде кәмелеттік жасқа толмаған 542 821 қыздың некесі қиылған. Бір ғана 2018 жылы 15 жасқа жетпеген 167 қыздың некесі қиылған. Түркияда 15 жасқа жетпей тұрмыс құрғандар 20 мыңнан асады екен.  Айтып айтпай не керек, бүкіл әлем коронвирус індетімен күресіп жатқанда түрік депутаттарының дәл осы мәселені қызу талқыға салғаны да қызық болып тұр.

Бұған алаңдаған халық та әзірге әліптің артын бағып отыр. Бұл – абыройынан айырылған жеткіншектердің болашағына жасалып жатқан жағдай ма, әлде сол жеткіншектердің болашағына балта шапқан педофильдерге жасалып жатқан жағдай ма? Әзірге түсініксіз.

Жанбота Ақбергенова


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар