Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы жағдайдан аман қалған атыраулық сарбаз Бекет Мырзағалиев мерзімді әскери қызметін аяқтап, туған жеріне оралды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарбазды Атырау әуежайынан ата-анасы, туған-туыстары мен достары күтіп алды. Жақындары оның аман-есен елге оралғанына қуанып, сарбазды құшақ жая қарсы алған.
Бекет Ақтаудағы №29011 әскери бөлімінде қызмет атқарған. Ол қыркүйекте Маңғыстау облысында болған әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған сарбаздардың бірі.
Кейін Бекетке әскери борышын өтеу кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Ерлігі үшін» медалі табысталған.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу барысында ауа райы кенеттен күрт нашарлап, 17 әскери қызметшіні теңіз ағысы алып кеткен. Үшеуі аман қалған, 14 әскери қызметші қаза тапты.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған. Үкіметтік комиссия да құрылып, істің мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізілген.