Бүгін Түркістан қаласында Ұлыстың ұлы күніне арналған «Төрлет, наурыз, төріме» республикалық командалық айтыс өтті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, көрермен қауымды мерекемен құттықтады.
– Қос мереке қарсаңында Түркістан төрінде бастау алған бүгінгі шараның өңір руханиятын дамытуға ықпалы зор деп есептеймін. Мемлекет басшысының бастамасымен биылғы жылы Наурыз мейрамы жаңа серпінде атап өтілуде. Кеше еліміз бойынша «Көрісу күні – Амал мерекесі» атап өтілсе, бүгінгі күн қайырымдылыққа, ізгілікке бағытталып отыр. Төл өнеріміз – айтыс жаңаша форматта қарқын алды. Дәстүрлі ән өнері мен күй, терме жанрларының жаңғыруы – ұлттық өнерге жасалған оң бетбұрыс деп білемін.

Алдағы уақытта да Түркі әлемінің рухани бағдарына айналған шаһарда мәдениеттің өркендеуіне бағытталған жаңа жобалар жалғаса береді, – деген облыс әкімі қос өңірдің өнерпаздары сәттілік тіледі. 
Аламан бәйгені Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев жүргізді. Дүбірлі додада қос өңірдің ақындары айтыстың түре, сүре, қайым, қыз бен жігіт айтысы жанрларында сынға түсті. Сондай-ақ жыршылар мен термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілер іс-шараның көрігін қыздырды. 
Түркістан облысынан Бекарыс Шойбеков, Шахмардан Бекарысұлы, Нұрмахан Жақыпбек, Аяз Рүстемов, Аян Ниязбек, Жандос Құлымбетов, Қажымұқан Абзалов, Мағжан Әлтенбаев, Дәурен Ақсақалов, Руслан Ахимбековтар болса, Жамбыл облысынан Ахметжан Өзбеков, Мансур Еркебұланұлы, Дархан Әбдіманат, Бекарыс Көштаев , Асхат Қылышбек, Дидар Басығараев, Қанат Мырзахан, Мерей Әбуева, Алина Айдаралы, Маралбек Бабақұлов бар. 
Айтыс қорытындысымен республикалық командалық айтыстың екінші кезеңіне Түркістан облысының командасы жолдама алып, жеңімпаз атанды. Қос командаға бірдей құрмет көрсетіліп, әрбір ақынға 500 мың теңгеден сыйақы берілді. Ал жыршы, термеші, дәстүрлі әнші, күйшілерге 250 мың теңгеден табысталды. Сондай-ақ «AMANAT» партиясының арнайы сыйлығы берілді. 
Сондай-ақ бұл айтыс қос облыстағы айтыскер ақындар мен дәстүрлі өнерпаздардың шығармашылық дамуына жағдай жасауға, өңірлер арасында шығармашылық байланысты арттыруға, халықтың азаматтық ұстанымын, әлеуметтік жауапкершілігін, отансүйгіштік сезімін, адамгершілік қасиеттерін, ұлттық санасын қалыптастыруға және ұлттық өнер өкілдерінің рухани-мәдени әлеуетін дамытуға бағытталған.