Танымал журналист Динара Сәтжан өзін қорлаған ақтөбелік емшіге шүйлікті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тележүргізуші әлеуметтік желіде жазба жариялап, емшінің жасап отырған ісі қаншалық заңды екеніне күмән келтірген.
"Ақтөбеде TikTok-та, инстаграмда ақшаға бата беретін бір "емші" тұрады екен. Маған оның қаншалықты заңды жұмыс істейтіні қызық. Осыған байланысты Ақтөбе облысының Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне (ДЭР) сұрау жолдаймын. "Ақылы батаның" ақшасы қайда түседі? Каспиіне ме? Әлде күйеуі мен ұлының шоттарына ма? Ол салық төлей ме? Адам емдеуге лицензиясы бар ма? Ақылы бата беріп, сынық салып, киелі заттар сатып, адам емдеп, бірнеше бизнес ашып, мүліктерді, көліктерді туған-туысқандарына сыйға тартатындай ол батаның ақысы қандай? Соншалықты батадан миллиондаған ақша табуға бола ма? Батасы заңды патенттелген бе? Киелі заттар дегені не? Оның патенті бар ма? Желілік бизнестердің БАД-тарын халыққа ем үстінде сатуға құқығы бар ма? Бұл заңды ма? Өзі ауырған халықтың қалтасынан ақшасын қағып алып, БАД-тарын "оқылған дәрі" деп ауру адамға сату қаншалықты дұрыс, қаншалықты әділетті? Халыққа жанашыр, патриот адамның әрекеті ме? Неге ол халық арасына бүлік салады? Қазақша сөйлемесеңдер көтеріліске шығайық деп неге әлеуметтік желіде халықты арандатқысы келеді? Ауыз өзімдікі екен деп неге елдің бәрін қорлайды?" - деп ашынды ол.
Ол бұл мәселемен заңды түрде айналысатынын жеткізді.
"Маған да "шлюха" деп тіл тигізді. Бұл — жария түрде қорлау. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 131-бабы! Қорлау!Неліктен мен туралы жалған ақпарат таратып, адамдарды адастырады? Мені мемлекеттік жобалардан ақша алады деп айтыпты. Ал менің мемлекеттен бір тиын да алмағаным, ешқандай мемлекеттік тендерлерге қатыспағанымды оп-оңай дәлелдеуге болады. Барлығы ашық ақпарат көздерінде тұр. Бұл мәселелермен менің адвокатым айналысып жатыр. Біз Ақтөбе облысының полициясына арыз жаздық. Ол заң аясында барлық іс-әрекетіне, айтқан сөздеріне жауап береді. Бұл бейберекетсіздікті тоқтататын уақыт келді", - деді Динара Сәтжан.