Үкімет Қарағанды облысында 42,5 млрд теңгеге фармацевтикалық зауыт салу жобасын мақұлдады

Үкімет Қарағанды облысында 42,5 млрд теңгеге фармацевтикалық зауыт салу жобасын мақұлдады
gov.kz

Қазақстан үкіметі Денсаулық сақтау министрлігі мен Қарағанды фармацевтикалық кешені арасындағы өндірістік қуаттарды салу және жаңғырту жөніндегі инвестициялық келісімді бекітті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жоба президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген импортты алмастыру және отандық дәрі-дәрмек өндірісінің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмалар аясында жүзеге асырылмақ. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған.

Жобаға салынатын жеке инвестиция көлемі 42,5 млрд теңгені құрайды. Бұл бастама фармацевтика саласындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі болмақ. Ол дәрі-дәрмек өндірісін терең локализациялауға және жоғары технологиялық өндірістік қуаттарды дамытуға бағытталған.

Кәсіпорында 74 түрлі дәрілік препарат шығару жоспарланып отыр. Өндіріс желісі онкологиялық, аутоиммундық және орфандық ауруларды емдеуге арналған инновациялық дәрілерді қамтиды. Сонымен қатар зауыт әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу мен емдеуге қажетті иммунобиологиялық және өзге де жоғары технологиялық препараттарды өндіреді. Бұдан бөлек, әлемдік стандарттарға сай белсенді фармацевтикалық ингредиенттерді, биологиялық және биотехнологиялық өнімдерді синтездеу жолға қойылмақ.

Жобаны іске асыру елдің дәрілік қауіпсіздігін күшейтіп, Қарағандыда заманауи фармацевтикалық өндіріс инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде шамамен 70 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жалпы, Қазақстанның фармацевтика саласы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 191,1 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 8,7%-ға артқан. Ал салаға тартылған инвестиция көлемі 91,3 млн доллардан 142,8 млн долларға дейін өскен.

2025 жылдың желтоқсанынан бері фармацевтика саласында жалпы сомасы 360 млрд теңгеге жететін жеті инвестициялық келісім жасалған. Бұл жобалар шамамен 474 түрлі дәрілік зат өндіруге және 1170-тен астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.