Үндістанның Уттар-Прадеш штатында болған жойқын дауыл мен нөсер салдарынан 100-ден аса адам көз жұмды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша құрбандардың көбі құлаған ағаштар мен опырылған үйлердің астында қалған. Табиғи апат бірнеше күнге созылған қатты жаңбыр мен бұршақтан кейін болған.
Өңірде тасқын жүріп, найзағай түскен. Салдарынан 50-ден аса адам түрлі жарақат алған.
Төтенше жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Үндістан премьер-министріне көңіл айту жеделхатын жолдады. Президент Үндістанның Уттар-Прадеш штатында болған қатты дауыл мен нөсер салдарынан көптеген адам опат болуына байланысты Нарендра Модиге көңіл айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың жақындарының қайғысына ортақтасып, зардап шеккен азаматтар тезірек сауығып кетуіне тілектес екенін жеткізді.