“Түркістанда қылмыстың жаңа түрі пайда болған ба?”. Жергілікті жалғызбасты ана басынан өткен сұмдықты баяндады

Қаракөз Амантай 27 мам. 2025 10:06

Түркістан облысының тұрғыны, жалғызбасты ана Ахметова Фаузия Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жасап, басынан өткен ауыр жағдай туралы айтып берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, 2025 жылдың 25 сәуірінде таңғы сағат 5:30 шамасында белгісіз үш ер адам оны Түркістан қаласындағы өз үйінен балаларының көзінше күштеп алып кетіп, Шымкент қаласындағы “Komek Center” деп аталатын оңалту орталығына апарған.

“Аталған орталық өздерін реабилитациялық орталық ретінде таныстырып, мені ешқандай медициналық немесе құқықтық негізсіз ұстап отырды. Менің есірткіге немесе басқа да психо-белсенді заттарға еш қатысым жоқ. Ешқандай есепте тұрмаймын. Соған қарамастан мені күшпен ұстап, ұрып-соғып, қол қоюға мәжбүрледі. Қол қоймағаным үшін дәрі-дәрмек ішкізіп, есімді білмей қалу деңгейіне жеткізді””, — дейді ол "Письма Президенту" телеграм арнасында жарияланған үндеуінде. 

Әйел бірнеше мәрте өзіне қол жұмсап, көмектесер деген үмітпен қолын тіліп тастағанын да еске алды.

“Аяқ-қолымды скотчпен байлап тастады. Жаным қиналғаннан өз-өзіме қол жұмсап, қолымды бірнеше рет кестім. Мақсатым — жедел жәрдем шақырып, үйіме хабар жеткізу еді. Алайда ешқандай медициналық көмек көрсетілмей, керісінше қайта аяқ-қолымды скотчтап тастады. Он күн бойы заңсыз ұсталдым”, — деп қосты ол.

Айтуынша, 5 мамыр күні ғана ол туыстарына хабарласып, солардың көмегімен орталықтан шығарылған.

“Сол жерде кәмелетке толмаған қыздар мен балалар да бар еді. Оларды да қорқытып, еркінен тыс ұстап отырғанын көзіммен көрдім. Бұл заңсыздыққа жол беруге болмайды”, — деп күйінді ол.

Фаузия Ахметова кейін Шымкент қаласының полиция департаментіне арыз жазған. Алайда оның сөзінше, оқиғадан жиырма күн өтсе де, құзырлы органдар ешқандай тергеу амалдарын бастамаған. Осыған байланысты Ахметова Мемлекет басшысынан істі жеке бақылауға алып, кінәлі тұлғалардың заң алдында жауап беруін сұрады.

“Заңсыз оңалту орталығы әлі де жұмысын тоқтатпай отыр. Бұл жағдай құқық қорғау органдарымен аталған орталықтың арасында сыбайластық бар деген күмән туғызуда. Осы оқиға бойынша менің заңсыз ұсталғаным мен зорлық-зомбылыққа ұшырағанымды, “Komek Center” деп аталатын орталықтың медициналық лицензиясыз жұмыс істеп отырғаны, онда кәмелетке толмаған балалардың да заңсыз ұсталғаны, полиция арызымды қараусыз қалдырғанын, өзімнің балаларымның қауіпсіздігі үшін алаңдайтынымды ескере отырып, сізден осы істі жеке бақылауыңызға алып, әділетті тергеу жүргізілуін және кінәлі тұлғалардың заң алдында жауапқа тартылуын сұраймын”, — деп мәлімдеді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар