Түркістан қаласында жол қауіпсіздігін сақтау және автокөлік кептелісін болдырмау мақсатында полиция басқармасының жол және техникалық инспекциясы тобы әкімдікке 440 ұйғарым мен 15 ұсыныс хат жолдаған. Сонымен қатар 2400 жол белгісі мен 480 метр жол кедергісі орнатылған. Бұл туралы Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Нысанбаев халыққа есеп беру жиынында баяндады,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Шараға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, прокурор Кәукен Нәрікбаев және тұрғындар мен жеке құрам қатысты.
Түркістандық тәртіп сақшыларының жүйелі жүргізген шаралары нәтижесінде өткен жылы ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылымы 88,9%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау 92,3%-ға, пәтер ұрлығы 78,9%-ға, есірткі қылмысы 82,4%-ға жақсарған.
Жиын барысында полиция подполковнигі Ж.Нысанбаев азаматтардың сауалдарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жұртшылықпен қылмыстарды болдырмау мәселесін талқылады. Кездесу соңында тұрғындар полицияның жұмысына оң бағасын беріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.