Құлбек ЕРГӨБЕК, түркітанушығалым, жазушы:
«Топырағын түртіп қалсаң, тарих боздап қоя береді.»
– 2018 жылдың 19 маусымында, яки былтыр мен Ресей жерінде Алтын Орданың астанасы Бату-Сарайда жүр едім. Елбасының баспасөз қызметінің жетекшісі, журналист Айдос Үкібай маған телефон арқылы хабарласып, сүйінші сұрады: «Түркістан облыс болатын болды, Президентіміздің жарлығы шықты. Сіз қайда жүрсіз? «Хабар» арнасына өз пікіріңізді білдіріп, «Егемен Қазақстанға» мақала жазсаңыз. Олар мақалаңызды шығаруға дайын отыр» деп айтты.
Содан бірден Атырауға ұшып келіп, Айдостың тілегін орындадым. Сол менің мақалам: «Тарихи әділеттіліктің қалпына келтірілуі» деп аталады. Неге бұлай дедім? Сөз жоқ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығы – Түркістан облысын құру, орталығын Түркістан қаласы етіп бекіту тарихи шешім. Оның үстіне, Алтын Орданың кезінде жүздеген, тіпті мыңдаған қала салынған. Астанасы – Сарайшық Қазақстан аумағында, астанасы – Сарай-Бату Астрахань облысындағы Селитренное селосының қасында төбе болып жатыр. Одан кейінгі қазақтың астанасы Сығанақ, сосын Түркістан. Алтын Орданың кезінде Түркістан облыс болған қала. Елбасының жарлығын қолдап, «Тарихи әділеттіліктің қайта қалпына келтірілуі» деп айтуымның себебі осында.
Бір жыл өтті, қызу тірлік. Түркістанды облыс ету астанадай қаланы салған, халықаралық дәрежедегі саясаткер Елбасы бастаған қайраткерлерге аса қиындық етпеген болар. Түркістан – тек қазақ халқының ғана қаласы емес, түркі халықтарының рухани астанасы.
Сондықтан Түркістан жаңарту, түлету оңай емес. Түркістанды жаңартқаннан жаңа қалу жеңіл болар. Өйткені, бұл Алтын Орда облысының орталығы болған, оның әр жағында түріктердің бас қалаларының бірі болған. Кейінгі жылдары қазақ хандығының үш ғасыр астанасы болған қала. Түркістан осы күндері ғажайып археологиялық ландшафт. Топырағын түртіп қалсаң, тарих боздап қоя береді. Көнеден қалған кез келген мұраны, үлкенді-кішілі деп қарамай, көздің қарашағындай сақтауымыз керек. Бізде жаңа ғимарат салғымыз келсе, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне маңайына апарып тықпалау басым. Бұл дұрыс емес. Қазақстанның халықаралық дәрежедегі абыройын ұстап тұрған екі ескерткіш бар. Біреуі – Қожа Ахмет Яссауи, екіншісі – Айша бибі кесенесі. Екеуі ЮНЕСКО арқылы қорғалады.
Мен 15 мамырда ЮНЕСКО-да баяндама жасадым. Сонда, алдымен қазақ халқы, одан кейін түрік халқы Алтын Орданың мұрагері екенін айтты. Түркістаннан XX ғасырдың басында Тайқазан мен екі шырағданды алып кетті. Тайқазан елге қайтарылды. Ал шырағанданның біреуі Санкт-Петербургте, екіншісі Париждегі Лувр музейінде тұр. Түріктік мәдениет аса жоғары болмаса, ұлттық сипатқа ие болмаса француздер өз музейлерінде сақтамаған болар еді.
Лувр деген әлемдегі теңдесі жоқ музей ғой. Бір жылдың ішінде бірсыпыра жұмыс атқарылды. Алда да қарқын бәсеңдемеуі керек. Бірақ біз Түркістанның ұлтарақтай жерінің өзіне ұлы жүрекпен қарап, абай болуымыз керек. Түркістанды түлету – уақытпен, қарқынмен жүретін нәрсе емес. Бұл халықаралық түріктік тұтастықтың символы іспеттес. Сондықтан бұған аса жауапты қарау қажет. Бір жылда істелінген жұмысқа түркістантанушы, әдебиетші ретінде көңілім толады. Алайда, алдағы уақытта байқап қимылдауымыз керек. Түркістан – ұлттың ұлы махаббатына ие болдым.
[caption id="attachment_20549" align="alignleft" width="427"] Нұрлан Оразалин[/caption]
Нұрлан ОРАЗАЛИН, ақын:
«Алланың бізге берген жалғыз Түркістаны бар»
– Студент кезде Түркістанда дүниеге келген жігіттер араласып, бірге дос-жаран болдық. Шын мәнінде солардың барлығы да бақытты жандар. Ата-жұрттың қазық қаққан Түркістан қаласына келген сайын аяқ-қолың дірілдейтіні рас.
Президентіміз сайланғанда бірінші қолдаған, қуаттаған Түркістан жұрты болатын. Міне, бұл киелі шаһардағы тұрғындардың рухани мықтылығы. Елдегі ең белгілі компаниялардың барлығы осы Түркістанда құрлыс жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл аймақтың көркейіп кететінің белгісі. Алланың бізге берген жалғыз Түркістаны бар. Сол байлығымыз дамыса қуанамыз. Түркістан туралы өлеңді өзіміз үшін жазамыз, кітапты xалық үшін жазармыз.
Түркістан облысындағы Арыс қаласындағы ауыр жағдай арқамызды аяздай қарыды. Алаштың жұртын, қазақтың елін қатты қайғы-мұңға батырды. Біз күтпеген нәрсе еді ғой – бұл. Осы кезде Түркістан өңірінің әкімі Өмірзақ Шөкеевтің халқын бір үлкен бірлікке шақырып, әрекет жасағаны, суыт хабар астанаға жеткен кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы ұшып баруы, бүкіл елдің жұмылып жатуы – ұлттық қайғыны көтеру үшін республиканың әлеуеті жететінін көрсетеді. Құр айқай-шу, дау-дамай ешкімге пайда бермейді. Өз қайғымызды өзіміз жеңуіміз керек. Қайғыны жеңудің ең басты күші – ішкі бірлік. Зиялы қауым мұндай сәтте қалыс қалған емес. Қолынан келгенше Түркістан жұртшылығына көмегін берді.
Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы: «Бес-он жылдың бедерінде Түркістан түлеп шығады»
– Тарихи тағылымы терең, таңғажайып жаңалықтар елдің, ұлттың, халықтың ата-бабалар аманатына деген адалдығынан, Елбасының болашақты болжай білген көрегендігінен туындап отыр. Өзгеше өзгерістердің бәрін алтын құрсақты аймақтың халқы рухани жаңғырудың нақтылы нәтижелері ретінде бағалауда. Өңіріңіздің өрісі кеңейді. Өміріңіздің өресі биіктеді. Терең түсінген, түйсінген, сезінген жандарға тап осылай, әрине.
Әлбетте, Астанаға көшерде Алатау баурайындағы ару Алматыны қимағандай, шырайлы шуақты, жылы да жайлы Шымкентті қимайтындар да аз дей алмаймыз. Оны айтасыз, Оңтүстік Қазақстан облысы дейтұғын атауды да қимай жүргендер көп. Ондай-ондай бауырларымызды да түсінуге әбден болады. Қимастық – қасиетті сезім.
Алайда Алаш ардақтылары, олардан бұрынғы бағзыдағы бабалар ту етіп көтерген Түркістандайын текті ұғым – ұлы ұғым! Түркістан дегенде Түркі қағанаты, түркі жұрты, түркі әлемі, түркілік тегіміз, түркілік түбіріміз, түркілік тамырымыз қанымызды қоздырып, рухымызды асқақтатпағы абзал. Рухани жаңғыруымыз тектен, түбірден, тамырдан қайнап, қайнарланбағы ләзім-дүр.
Түркістан облысының құрылуы тек Түркістан қаласы мен шаһар төңірегінде тұратын жұртшылықтың ғана емес, ұлыстың ұйытқысы, алтын құрсақты аймақ, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке атанған өңір халқының қала берді тұтас қазақтың, түгел түркінің қуанышы! Таяудағы бес-он жылдың бедерінде Түркістан түлеп шыға келеді. Бірлік пен ынтымақты, татулық пен тұрақтылықты көздің қарашығындай сақтай білсек, жұмыла жұмыс істесек, ел мен жер тағдырына жоғары жауапкершілікпен қарасақ болғаны. Тәуелсіздіктің әрбір жылы Түркістан облысы үшін жеңіс пен жетістікке толы. Өйткені кеңестік кезеңде айтуға тыйым салынған, ұлттық құндылықтарымыз бен рухани дүниелеріміз қайта жаңғырып, ортамызға оралды. Белігілі жазушы Мархабат Байғұт ол кездерде халық Отырар мен Түркістанды, Арыстанбаб пен Ясауиді айтуға, оларға зиярат жасауға қорқатын.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, алаштанушы ғалым:
«Түркістан – тарих пен бүгінгі замандағы рухани байланысты үйлестірді»
– Зиялы қауым, әсіресе, тарихты жақсы білетін азаматтар Түркістан атауына, облыстың атауының жаңғырғанын жақсы қабылдады. Бұл уақыты жеткен және Тәуелсіздік талаптарына жауап беретін шешім. Өйткені, мұның үш-төрт негізі бар. Мағжан ақын айтқандай: «Қарашаңыраққа ие болып қалған қазақ халқының» жаңа замандағы, жаңа әлемдегі Қазақстанның бет-пердесін, ұстанымын көрсетеді.
Екінші жағдай, біз «Рухани жаңғыру» деп жатырмыз. Тарих пен ұлттың арасындағы байланысты анықтайды. Себебі, біздің облыстардың атауы жасыруып қажеті жоқ, Қазақстанның бүгінгі аумақтық бөлінісі бәрібір де кеңестік бөліске сәйкес келеді. Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан деген секілді.
Әрине, бір кездері шекарамызды анықтау керек болды, сол кезде маңызды болған шығар. Мен талай жерде айтып жүрмін, облыстардың атауын бұрынғы тарих аттарымен қойсақ деген. Мысалы, Орталық Қазақстан – Ұлытау, Батыс Қазақстан – Сарайшық, Шығыс Қазақстан – Алтай облысы болуы керек. Сол кезде екіарада байланыс болады. Тарих пен бүгінгі замандағы рухани байланысты көрсетеді. Кезінде түрлі форматта осындай ұсыныс берілген де еді.
Үшіншіден, «Түркістан» атауы – Түркістан қаласының мәртебесі. Тұран заманнан бергі бүгін заманға дейін тарихи белестерін анықтайды. Соған екпін түсіріледі. Бұл тұрғыдан да зиялылар дұрыс қабылдайды деп ойлаймын.
Төртіншіден, Түркістан жаңғырған түркі дүниесі. Жаңғырған дүние – үлкен ұғым, жаңғырған дүние – инновация, тарихқа дұрыс қарау, ғылым-білімге жауапты болу. Осының бәрі де Түркістанның атауымен жақсы бір кезеңді бастаймыз ба деген ой-ниет бар.
Жалпы, Түркістанның жаңғыруы, Түркістан идеясының көтерілуі түркі дүниесіне де жақсы әсерін тигізеді. Түркістан облысының пайда болуы тарихшыларға, жалпы қоғам танушыларға жаңа міндет жүктейді. Сондықтан, әрине, жұмыс көп. Қаланың сәулеті, құрлысының барлығы да тарихи негізде, Орталық Азияның мәдениетінің негізінде жасалуы керек. Түркістанның тұтастығына бағытталған жаңа ғылыми жобалар керек. Сол арқылы Орталық Азия ешқашан бөлінбейді, ағайынбыз деген дүниені ұстанамыз. Түркістанның облыс орталығына айналуы Орталық Азияның ешқашан дүрдараздыққа бармайтындығына, бөлінбейтіндігіне нағыз қазық болады.
Мырзатай Жолдасбеков, ғалым:
«Түркістанның орны астанадан да биік»
– Түркістанның орны керек болатын болса, астанадан да биік. Өйткені, Нұр-Сұлтан қаласы – Қазақстанның астанасы болса, Түркістан – бүкіл түркі әлемінің астанасы. Бағзы заманнан бері Алатау мен Қаратаудың ортасы бүкіл түркі дүиесінің орталығы болған.
Мысалы, оғыздар, қыпшақтардың мекені. Асыл армандар, үлкен шығармалар туған жер. Мәселен, Қорқыт бабамыз да сол жерде Сырдың бойында дүниеге келген. Анау бір жылдары Орталық комитетте жұмыс істеп жүрген кезімде Түркістаннан тұратын халықтан бір арыз түсті. Бұл 90-жылдардың басы кезі болатын. Ол хатта: «Мынау Түркістан – өзбек қаласы» болып барады деп жазылған. Сосын Президент маған тапсырма берді. «Сен барып, өз көзіңмен бәрің көріп, мән-жайын біліп қайт» деп айтты. Шынында да, кафелер, асханалар бәрі өзбекше болып кеткен.
Тағамдарынан бөлек, қойылатын музыка да басқасы да өзбек тілінде болып кеткен. Елмен сөйлескенде де осындай әңгімені естідім. Сосын келген соң, жағдайды Президентке баяндадым. Ол кісіменен не істейміз деп сұрады. «Қиятын болсаңыз, Қызылордадан екі аудан, Оңтүстік Қазақстаннан екі аудан, Жамбыл облысынан екі аудан қосып беріңіз де жаңа облыс ретінде ашыңыз. Орталығы – Түркістан қаласы болсын» дедім.
Әрине, басында республикалық бюджетке телміріп отыратын, дотациялық облыс болатынын, бірақ кейін жетіліп кететінін де айттым. Сонда Елбасы ойланып отырып: «Айтып отырғаның дұрыс қой, бірақ мұның өз уақыты келеді» деген еді. Міне, пісіліп-жетіліп, уақыты келді. Ол кезде Түркістанды дамытатын Қазақстанның ақшасы да жоқ еді, қазынаның қалтасы тесік болатын. Қазір, құдайға шүкір, Қазақстан жетілді, Түркістанды жан-жақтан көтеретін мүмкіндік бар. Сөйтіп, Түркістанның болашағы өте күшті, зор.
Ең басты, дамитын саласы – туризм. Іргесінде, сырдың бойында Қорқыт ата жатыр. Сол Қорқыт атаның басына үлкен комплекс салып, Түркі мемлекеттерінің басшыларын жинау керек. Мәселен, наурыз мерексінде шақырып жіберсе...
Олар Қорқыт атаның басына бір түн зиярат етіп түнеп, ертеңінде таңертеңінде Түркістанға келу керек. Онда Қожа Ахмет Яссауидың басына барып, әріқарай наурыз мерекесін тойлап кететін де болу керек. Сонда бұл түркі халықтарының президенттерінің басын қосатын үлкен қала болатын еді. Түркістанда бас қосып тарасып тұрса, берекеміз артып, туыстығымыз бүгіннен де беки түсер еді. Түркістан – үлкен мәдениет орталығына, сауда орталығы айналады. Оған ешқандай күмән жоқ.