Түркістан облысында әйел алаяқтардың кесірінен 5 млн теңгесінен айырылып қала жаздады

Түркістан облысында әйел алаяқтардың кесірінен 5 млн теңгесінен айырылып қала жаздады
видео кадры

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында 59 жастағы әйел телефон алаяқтарының құрбаны бола жаздады. Қаскөйлер оның атына 5 млн теңге несие рәсімдеп, ақшаны өздеріне аудартуға тырысқан, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алаяқтар алдымен әйелге телефон соғып, туыстарына пошта арқылы сыйлық келгенін айтқан. Кейін сеніміне кіріп, ұялы телефонына келген растау кодын сұрап алған. Осыдан соң әйелдің атына 5 млн теңге несие рәсімделген. Қаскөйлер оны ақшаны өздеріне аударуға көндірмек болған.

Алайда банк терминалының жанында күмәнді қаржылық операция жасап тұрған әйелді полиция қызметкері байқап қалған. Ол жағдайды анықтап, әйелдің алаяқтардың арбауына түскенін түсіндірді. Нәтижесінде қаржылық операцияны тоқтатуға көмектесті.

Айта кетейік, күні кеше Талдықорған қаласында да осыған ұқсас жағдай болған. Талдықорғандық зейнеткер әйел телефон алаяқтарына алданып, 3,5 млн теңгесін аударып жіберген. Қаскөйлер одан тағы 2 млн теңге аударуды талап еткен кезде жергілікті тұрғындар араласып, әйелді алаяқтардың арбауына түскеніне сендіріп, әрекетін тоқтатуға көмектескен.

Оқиға кезінде өзін зейнеткердің баласы ретінде таныстырған ер адам әйелді «мама» деп атаған. Ал тұрғындар күмәнді жағдайға араласа бастағанда, ол ашуға мініп, олардың біріне қарсы шыққан.

«Сен кімсің? Телефонға неге қолыңды созып жатырсың?» – деген ол ер адамдардың біріне.

Оқиға куәгерлері болған жайтты видеоға түсіріп алған. Талдықорған қалалық полиция департаменті тұрғынның арызы негізінде алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарға белгісіз адамдардың телефон арқылы берген нұсқауларын орындамауға және ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аудармауға кеңес береді. Күдікті қоңыраулар түскен жағдайда 102 нөміріне хабарласу қажет.