Елбасының тікелей бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Серпін» бағдарламасы бойынша Түркістан облысында 7500-ден астам жас Солтүстік өңірлердегі оқу орындарында білім алуда. Осылайша жалпы республика көлемінде бөлінген 15 мыңға жуық гранттың 50 пайыздан астамын Түркістан облысының жастары иеленген.
Бүгінгі таңда облыста 750 мыңнан астам жас бар, бұл өңір халқының 26 пайызы. Қазір аймақта жастарға арналған 57 қоғамдық бірлестік, 7 республикалық жастар ұйымдарының филиалдары мен 20 этномәдени орталықтың жанынан жастар қанаттары жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, жоғары оқу орындары мен колледждерде – 41, ал кәсіпорындарда –13 жастар ісі комитеттері бар.
Бұдан өзге, «Жасыл ел» еңбек жасақтарына жыл сайын мыңнан астам жастар тартылып, елімізге пайдасын тигізеді. Осы жасақтардың күшімен 117 елді мекендегі 6 мың метрге жуық шарбақтар сырланып, 100 мыңнан астам көшет отырғызылған. Жалпы 445,8 мың гектар саябақтар мен аллеялар, көше бойлары абаттандырылды. Студенттік құрылыс отрядтарында 500-ге жуық жас еңбек етті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі