Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты облыстық көпбейінді аурухананың медициналық бұйымдар жеткізушісі алдындағы берешегін өтеуге 300 млн теңге бөлу туралы шешімді қолдады. Алайда медициналық мекеменің жалпы кредиторлық қарызы 2 млрд теңгеге жеткен. Қаражат бөлудің заңдық негізі мен ауруханадағы қаржыны басқару тиімділігі бірқатар депутаттың күмәнін туғызды, деп хабарлайды dalanews.kz.
300 млн теңге қандай мақсатқа жұмсалады?
"Уральская неделя" басылымының мәліметінше, бюджеттен қаржы бөлу мәселесі жедел тәртіппен қаралған. Мәслихат депутаты Мереке Ғабдуалиев төлемнің заңдылығына күмән келтіріп, оның нақты негізі анықталғанға дейін мәселені күн тәртібінен алып тастауды ұсынған.
Облыстық көпбейінді аурухананың директоры Ерлан Тоқсанов мекеменің APEX и Со компаниясына медициналық бұйымдар үшін қарыз екенін мәлімдеді. Берешек 2024 жылы қалыптасып, бүгінде 400 млн теңгеге жеткен.
Оның айтуынша, жеткізуші қарызды сот арқылы өндіріп, аурухананың есепшоттары бұғатталса, мекеменің қалыпты жұмысына қауіп төнуі мүмкін. Қазір ауруханада 800-ге жуық адам еңбек етеді.
Жалпы қарыз 2 млрд теңгеге қалай жетті?
APEX и Со компаниясы алдындағы берешектен бөлек, аурухананың дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар үшін жиналған жалпы кредиторлық қарызы бар. Бұл берешек 2022 жылдан бері қордаланып, кейінгі екі жылда шамамен 1,8 есе өскен.
Денсаулық сақтау басқармасы қаржылық қиындықты емдеу тарифтері мен нақты шығындардың сәйкес келмеуімен түсіндірді. Түсіндірме жазбада науқастарды емдеуге ақы төленетін клиникалық-шығындық топтардың тарифтері 2019 жылдан бері өзгермегені көрсетілген.
Осы уақыт ішінде қызметкерлердің еңбекақысы, дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар мен коммуналдық қызметтердің бағасы өскен. Басқарма сатып алу шығындарының артуына қосылған құн салығының 12 пайыздан 16 пайызға көтерілуі де әсер еткенін алға тартқан.
Тариф емдеу шығынын өтеуге жетпейді
Аурухана басшылығы мекемеге түсетін қаражаттың алдымен қызметкерлердің жалақысына, міндетті төлемдер мен коммуналдық қызметтерге жұмсалатынын жеткізді. Соның салдарынан жеткізушілер алдындағы қордаланған қарызды өтеуге қаржы жетпей қалады.
Мәселен, кейбір бағыт бойынша бір науқасты емдеу тарифі шамамен 44 мың теңгені құрайды. Ал контраст қолданылатын компьютерлік томографияның бір тексеруі 38–40 мың теңгеге дейін барады. Науқас стационарда бірнеше күннен екі аптаға дейін, кейде одан да ұзақ жатуы мүмкін. Бірақ тариф бұл шығындардың барлығын толық өтемейді.
Мекеменің электр энергиясына жұмсайтын айлық шығыны да айтарлықтай өскен. Мамырда бұл көрсеткіш 6 млн теңге болса, кейін 14–18 млн теңгеге дейін жеткен.
Бұған қоса, шілдеден бастап қабылдау бөлімінің қызметтеріне ақы төлеуге шектеу қойылған. Ай сайын төленетін сома 9 млн теңгемен шектелсе, бөлімнің нақты шығыны 18–20 млн теңгеден асады.
Талқылау барысында облыстағы медициналық мекемелерге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры шілде айындағы қызметтердің небәрі 50 пайызының ақысын төлегені де айтылды.
Депутаттар неге күмән келтірді?
Мереке Ғабдуалиев денсаулық сақтау басқармасы ұсынған құжаттар шешім қабылдауға жеткіліксіз екенін айтты. Басқарма медициналық қызметтерге ақы төлеу қағидаларының 7-тармағына сүйенген. Бұл норма жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік кәсіпорынға сатып алу шартында көрсетілген сомадан артық медициналық қызмет ақысын төлеуге мүмкіндік береді.
Алайда депутат аталған ережені аурухананың медициналық бұйымдар жеткізушісі алдындағы берешегін өтеуге қолдануға болатынына күмән білдірді. Ол төлемнің құқықтық негізін нақтылап, шешім жобасының тұжырымын қайта қарауды ұсынған.
Сессиядан кейін Ғабдуалиев депутаттарға ауруханада жүргізілген аудиттің қорытындысы ұсынылмағанын мәлімдеді. Ал аурухана директоры Ерлан Тоқсанов мекемеде аудит жүргізілгенін айтқан.
Депутат қаржының қаншалықты тиімді басқарылғанын және бөлінген қаражаттың қалай жұмсалғанын анықтау қажет екенін алға тартып, 300 млн теңге бөлуге қарсы дауыс берді.
Мәслихат қандай шешім қабылдады?
Қарсылықтар мен жауапсыз қалған сауалдарға қарамастан, депутаттардың басым бөлігі ауруханаға 300 млн теңге бөлу туралы шешімді қолдады. Бұл қаражат медициналық мекеменің жеткізуші алдындағы кредиторлық берешегінің бір бөлігін өтеуге бағытталады.