Осыған дейін тұрғындар ауылдың проблемаларын үшбу хатқа жазып, Мұғалжар ауданы бойынша белгіленген қоғамдық көмекші арқылы облыс әкіміне беріп жіберген. Шалғайдағы ауылдан жеткен хатты оқыған соң, Бердібек Сапарбаев жағдайды өз көзімен барып көрмек мақсатта Мұғалжарға келгенін айтты. Өңірдің бірінші басшысымен көзбе көз тілдесу мүмкін болғаны үшін ауылдықтар ризашылық білдірді.
Өңір басшысы алдымен 40 жылдан астам уақыттан бері қиыршық тас өндіретін «Көктас» акционерлік қоғамында, кейін «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған 90 орындық «Бөбекжай» балабақшасында болды.
Мұғалжарлықтар облыс әкімімен кездескенде жоғын түгендеді. Ауыл клубтың жоқтығы да үлкен мәселе. Мұны естіген «Көктас» компаниясының басшылығы облыс әкімінің алдында бұрынғы жатақхананы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде клуб етіп жөндеуге уәде берді.
— Ең бірінші, ауыз су мәселесі. Маған әкімдеріңіз біраз бөлігінде ауылдың судың барын, біразында су жоқ екенін айтты. Дегенмен, жасалған құжаттары бар екен. 287 миллион теңге. Оны енді көреміз. Биыл болмаса, бұл шаруа келесі жылы бітуі тиіс. Ал газ мәселесі күрделірек. «Қазақ ТрансГазАймақ» компаниясының бағдарламасына енгіземіз. Алдағы екі жылда газ құбырын тартумен айналысатын боламыз. Астанадан Астана, Арқалық, Ырғыз, Шалқар, Мұғалжар, одан әрі қарай Байғаниннің үстіменен Ақтауға өтіп кететін жол салынып жатыр. Сол жол мына сіздердің ауылдарыңыздың үстімен өтеді. Сіздердің Ембіге қарай шығатын жол мәселелеріңіз сонда шешіледі. Енді тек жалқаулыққа бой алдырмай, еңбектену керек, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімінің жауабына разы болған ауыл тұрғындары өздерінің жалқаулықтарын мойындады.
— Менің осы ауылдың байырғы тұрғынымын. Біздің ауылда шаруа қожалықтарын ашып отырған азаматтар бар. Өнімін сатқысы келеді. Май-қаймағын, шұбат-қымызын, құрт-ірімшігін, малдың етін сатуға болатын шағын базар жасап алғымыз келеді. Соны бірнеше рет ауыл әкіміне айтып жүрміз. Сіз жаңа өте дұрыс айттыңыз. Біз жалқау болып кеттік. Бізге шөпті біреу шауып әкеліп беруі керек. Оны біреу түсіріп беруі керек. Көрші келіп бір жарты араққа үйіп беруі керек. Еңбектену деген қазір жоқ бізде, — деді ауыл тұрғыны Қуандық Әжіғұлов.
Жанна ЕРАЛИНА.
Дереккөзі: aktobenews.kz