Түлкібастың ақ жауылықты әжелері Астанадан жүлдемен оралды

Dalanews 21 қаз. 2018 04:14 1015

Түлкібас ауданының ақ жаулықты әжелері Астанада өткен байқауда жүлделі орынмен оралды. Көктемде Алматы қаласында елімізде тұңғыш рет республикалық «Өнерлі елдің өресі биік» атты ата-апалар байқауы ұйымдастырылған болатын. Бұл байқаудың ерекшелігі – кейінгі жас буынға, қазіргі жастарымызға үлкен өнеге бола білген еді.

Іс-шараның бас ұйымдастырушысы Қазақ радиосының журналисі Гүлмира Нәлібай мен «Мереке» продюсерлік орталығы. Міне, осындай игі бастама көпшілік қауым ортасында қолдау тапса керек, ұйымдастырушылар екінші мәрте өткізуді қолға алды. Сөйтіп өткен аптаның қазаншуақ күндерінде түлкібастық бір топ әжелеріміз Алматыға қарай дәл осы байқауға бақ сынау үшін жолға шықты. Әрине, біздің ауданның әжелері осал емес. Жылда аудан-облыс көлемінде мерекелік іс-шараларда бой көрсетіп, әбден сахнаға төселген, қазақы салт-дәстүрді де, қолөнерді де, шешен сөйлей білуді де, керек десеңіз қазақы нақышта ән айтып, биді де билеп жүрген белсенді апаларымыздың бұл байқауда озық көрінетініне сенімді де болдық.

Байқаудың бас-қасында жүріп ұйытқы болған Гүлмира Нәлібай:

– Бұл байқаудың мақсаты – 50 мен 90 жас аралығындағы, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ата-апаларымызға рухани қолдау көрсетіп, бойындағы өнерін жас күніндегідей қайта бір шыңдауына мүмкіндік сыйлау, ұмыт болған әндер мен күйлерді қайта жан-дандыру; ел арасында жүрген он саусағы¬нан өнері тамған шеберлерімізді насихат¬тау, ұлттық өнердің жаңғыруына жол ашу; үлкендеріміздің немере-шөберелеріне арнап ән айтуы мен бата беруін көпке дәріптеу; жоғалып бара жатқан қазақы тәрбиені сақтап қалуға атсалысу, - дейді.

Осындай ғұрыпқа бағытталған байқауға еліміздің көптеген облыстары, мәселен Алматы, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе облыстары ның аудан, ауылдарынан, сонымен бірге Алматы, Шымкент, Тараз қаласынан келген өнерлі ата-әжелер болды. Олар «Ән салу», «Хормен ән салу», «Дәстүрлі ән», «Мәнерлеп өлең оқу», «Ақындық өнер», «Аспапта ойнау», «Қолөнер», «Бата беру», «Суретшілік өнер» сынды әр жанрда өнерлерін ортаға салды. Үміткерлердің ең жасы елуде болса, ең үлкені сексендегі әже болды. Соның ішінде түлкібастық әжелер өздерінің ұстамдылығымен, сахна мәдениетін сақтай білуімен, ұлттық киімді біркелкі тартымды киінуімен, әсіресе киелі кимешектерінің ұлттық нақышқа сай болуымен және әр тапсырманы нақ орындауымен ерекше көзге түсе білді.

Алматыдағы өнер сайысына апаларымызды аудандық әжелер алқасының төрайымы Гүлбүбі Ешенқұлова бастап апарды және аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы әжелеріміздің жол-шығындарын көтеруге атсалысқанын айта кетейік. «Ауылыңда қазыналы қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп бекер айтылмаған ғой, алтын көмбе секілді, аузы дуалы, сөзі уәжді ата-апаларымыздың тереңнен сүзіп айтқан әр сөзін жазып, көнеден ақтарған шежіресін ойға түйіп қалмасақ, азаматтығымызға сын емес пе?

Байқауда «Ақбақай» әнімен түлкібастық әже Күміскүл Тұрсынбекова бас жүлдені иемденді. Мәнерлеп оқудан Кәзима Үмбетәлиева, дәтүрлі әннен Зәуре Тіленшиева, ән салудан және құрақ құраудан Әшіркүл Нұрақбаева, ұлттық қолөнеерден Сейсекүл Сатаева, мүсін фигуркалар жасаудан Оңласын Жортанова, би өнерінен Алтынша Жауылбаева бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ, әжелеріміз халық әні «Угайым-айды» хормен орындап шықты, жоғарыда аты аталған апаларымызбен бірге Күләш Жүнісбекова, Күлзинат Шымбекова, Сапаркүл Дулатова, Бибан Жұмағұлова хорға қатысты. Міне, аудан намысын жібермей, тудай желбіретіп көтеріп қайтқан, жанарларынан мейірім нұры төгілген осындай алтын дария, асыл әжелеріміз қандай құрметке де лайықты.

 

«Dalanews» ақпарат

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар