Әлеуметтік желіде Ту ұстап, тұмшаланып суретке түскен қыздар қызу талқыға түскеннен кейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады. Бас прокурор депутаттың сауалына жауап беріп, бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бас прокуратура мәліметінше, депутаттық сауалда көтерілген, киіз үйде би билеп, бейəдеп əрекетімен қоғамның назарын аудартқан бейнеролик Алматы облысының Қарасай ауданында түсірілген.
"Бұл дерек бойынша Қарасай ауданының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігімен (əлеуметтiк, ұлттық, рулық, нəсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) соталды тергеп-тексеру жүргізіп жатыр", - деп жазылған жауапта.
Бас прокурор Берік Асылов Атыраудағы жайтқа қатысты да пікір білдірді.
"Атырау облысындағы оқиға бойынша құқыққа қайшы əрекет жасаған 4 қыз сот шешімімен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігімен (ұсақ бұзақылық) əкімшілік жауапқа тартылды: Ф.Қ.А (78 640 теңге айыппұл), Ғ.Қ.Х. (заңды өкілі анасына 39 320 теңге айыппұл), Н.А.А. (заңды өкілі анасына 39 320 теңге айыппұл), М.К.Н. (15 тəулікке əкімшілік қамақ)", - деді ол.
Бұл дерек бойынша да 2025 жылғы 27 наурызда Атырау қаласының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 372-бабымен (мемлекеттік рəміздерді қорлау) соталды тергеп-тексеруді бастаған.
"Қылмыстық іс шеңберінде тиісті сараптама тағайындалды, мəн-жайлар бойынша сауалда көрсетілген уəждер тексеріледі. Олардың нəтижелері бойынша құқықтық баға беріліп, қылмыстық іс бойынша процестік шешім қабылданады", - деп сендірді Бас прокурор.
Бұдан бөлек депутат түр-түсі бұрмаланған Қазақстан туы Wildberries Russ маркетплейсінде 5000 мың теңгеден еркін және ашық саудада сатылып жатқанын да сынаған еді.
"Қылмыстық қудалау органы Ozon маркетплейсінің Қазақстандағы өкілдігіне қылмыстық құқықбұзушылықтар жəне басқа да заңбұзушылықтар жасауға ықпал еткен мəн-жайларды жою жөнінде ұсынысты қылмыстық іс шеңберінде жолдады. Нəтижесінде Ozon сайтынан жазуы бар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын сату туралы, сондай-ақ, кез келген діни материалдарға қатысты барлық жарнама алынып тасталды", - деді ол.
Сонымен қатар, Мəдениет жəне ақпарат министрлігі маркетплейстерде діни материалдардың таралуын заңнамалық реттеу мəселесін қарастырып жатқаны белгілі болды.
"Онлайн-платформалар мен масс-медиада жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алу, зайырлы мемлекеттегі дін, киберқауіпсіздік, мемлекеттік-конфессиялық қатынастар, қазақ мəдениетінің дəстүрлі құндылықтары жəне т.б. туралы ақпараттық-түсіндіру контенттері жарияланып жатыр. ...Діни экстремизмнің жəне терроризмнің алдын алу жəне болдырмау мақсатында мүдделі мемлекеттік органдар тиісті жұмыстарды жалғастырып жатыр", - деді Асылов.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты жауапты мекемелерден шұғыл шараларды қолға алуды сұраған болатын.