АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийді Ресейдің дизель отынын өндіруге және өңдеуге қатысты инфрақұрылымына соққы беруді тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Трамп бұл мәлімдемесін Ирландияда өтіп жатқан Irish Open турнирі кезінде журналистерге айтқан. Оның сөзінше, Украина Ресейдегі басқа нысандарға соққы бере алады, бірақ дизель отынын өндіретін және мұнай өңдейтін нысандарға шабуыл жасамауы керек.
«Зеленский бір нәрсе істеуі керек – Ресейдегі дизель отынын жоюды тоқтатуы тиіс. Басқа нысандарға соққы берсін, бірақ дизель отынына тимесін. Өйткені бұл бүкіл әлемге зиянын тигізіп жатыр», – деді Трамп.
АҚШ президентінің айтуынша, Вашингтон бұл мәселені Украина тарапымен талқылаған. Трамп Ресейдің мұнай өңдеу инфрақұрылымына жасалған украиналық соққылар әлемдік нарықтағы дизель отынының тапшылығына әсер етіп отырғанын айтты.
Трамптың мәлімдемесі әлемдік отын нарығындағы жағдай күрделене түскен кезеңде айтылды. АҚШ-та дизель отынының орташа бағасы алғаш рет галлонына $6-дан асты. Reuters мәліметінше, Украина күштерінің соңғы айлардағы Ресей мұнай өңдеу зауыттарына жасаған соққылары елдегі жанармай өндірісінің қысқаруына және ішкі нарықтағы тапшылыққа алып келген.
Украина тарапы Ресейдің мұнай өңдеу нысандарын заңды әскери нысан деп санайды. Киевтің ұстанымынша, Ресейдің мұнай-энергетика саласы елдің Украинаға қарсы соғысын қаржыландырып әрі отынмен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар Ресей әскері Украина энергетикалық инфрақұрылымына тұрақты түрде соққы жасап келеді.