Дональд Трамп 8 тамызға дейін Ресей өздеріне қойылған ультиматумды орындап, Украинамен бір бітімге келмесе, онда Вашингтон Мәскеуге қарсы санкцияларды күшейтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айта кетсек, Путин бұған дейін Дональд Трамптың Ресейге қарсы ультиматумына қатысты жақ ашып, ресми пікір білдірген емес. Тек Кремль "Трамптың айтқаны назарға алынды" деп қысқа қайырған. Дегенмен өткен бейсенбіде Путин Лукашенкомен болған бейресми кездесуі кезінде "Трамптың өзінен көңілі қалғаны туралы" сөзге байланысты былай деп қалды:
"Кімнің тарапынан болсын, қандай да бір көңілдің қалуы — шамадан тыс үміттен туындайды, бұл жалпыға бірдей қағидат".
Егер Украинада бітімгершілік 8 тамызға дейін, яғни он күндік ультиматум аяқталған кезде орындалмаса, АҚШ Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізеді. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп журналистер алдында мәлімдеді.
"Санкциялар болады, бірақ Ресей олардан сәтті жалтарып бағуда сияқты. Білесіз бе, олар өте қу, санкциялардан жақсы айналып кетеді, сондықтан бұл жолғының да нәтижесіне қарайық, не болатынын көреміз", — деді республикашыл.
"АҚШ президенті Украинада бітімгершілік келісіміне қол жеткізілмесе, 8 тамызда не болады" деген сұраққа осылай жауап берді.
Бұған дейін сайтымызда "Тізімде Қазақстан да бар". Трамп 7 тамызда күшіне енетін тарифке қатысты жаңа жарлыққа қол қойды" деген мақала жарияланған болатын.