Трамп Польшада АҚШ-тың тұрақты әскери базасы құрылуы мүмкін екенін мәлімдеді

Трамп Польшада АҚШ-тың тұрақты әскери базасы құрылуы мүмкін екенін мәлімдеді
Фото: ЖИ

АҚШ президенті Дональд Трамп Польша аумағында америкалық әскердің тұрақты базасын орналастыру жөніндегі келіссөздерде айтарлықтай ілгерілеу барын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ол бұл бастаманың жүзеге асуына Польша президенті Кароль Навроцкийдің ұстанымы ықпал еткенін атап өтті.

"Егер жоспар іске асса, базаның орналасатын жері жақын арада жарияланады. Бұл АҚШ пен Польша арасындағы одақтастық үшін тарихи қадам болмақ", – деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

Кароль Навроцкий өз кезегінде Польша қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, ел билігі америкалық әскери база үшін қолайлы орын ұсынуға күш салмақ.

Алайда базаны құру туралы түпкілікті шешім әзірге қабылданған жоқ. Маусым айында Польшаның қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камыш АҚШ Қорғаныс министрлігі ел аумағында тұрақты әскери күш орналастыру туралы ұсынысты қарастыруға дайын екенін айтқан еді.