Трамп Ормуз бұғазын өз есімімен атауды ұсынды

Трамп Ормуз бұғазын өз есімімен атауды ұсынды
Фото: ru.haberler.com

АҚШ президенті Дональд Трамп әлемдік мұнай тасымалы үшін аса маңызды Ормуз бұғазының атауын "Трамп бұғазы" деп өзгертуді ұсынды. Ол бұл бастамасын Truth Social желісіндегі парақшасында жариялаған, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Енді бұғаз АҚШ-тың бақылауында болғандықтан, Ормуз бұғазының атауын "Трамп бұғазы" деп өзгерткеніміз жөн бе?" деп жазды Америка президенті.

Кейін Ақ үй де Трамптың ұсынысы мен бұғаздың жаңа атауы көрсетілген картаны әлеуметтік желіде бөлісті. 

Айта кетейік, бұған дейін америкалық күштер Ормуз бұғазы маңындағы Иранның зымыран қондырғыларына соққы берген еді. АҚШ әскері аталған нысандар теңіз жолына мина орналастыруға дайындалғанын мәлімдеді. Ал Иран шабуылды агрессия деп бағалап, өңірдегі америкалық нысандарға жауап соққысын жасағанын хабарлады.

Қақтығыс салдарынан бұғаз арқылы өтетін коммерциялық кемелерге төнген қауіп те күшейді. 31 тамызға қараған түні Сауд Арабиясының мұнайын тасымалдаған екі танкерге белгісіз снарядтар түскен. Солардың бірі – SIDR кемесіне жасалған шабуылдан екі филиппиндік теңізші қаза тапты.