Трамп Маскты қайда тағайындамақ?

Сағыныш Сардарова 13 қар. 2024 17:45 1300

Жуырда АҚШ президентін сайлауда жеңіске жеткен Дональд Трамп кәсіпкер Илон Маскқа қатысты мәлімдеме жасап, ол үкіметтің тиімділігі жөніндегі басқармаға жетекші болатынын айтты,деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Кәсіпкерлер Илон Маск және Вивек Рамасвами мемлекеттік аппаратты қысқартып, қайта құрылымнан өткізуге жауапты уақытша құрылған жаңа мекемеге жетекшілік етеді, - деп мәлімдеді АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп", - деп жазылған "Азаттық" дерегінде.

Басылым мәліметінше, Трамп екі кәсіпкерді мемлекеттік қызметте "радикал өзгерістер" жасайтын "үкіметтің тиімділігі жөніндегі басқарманың" жетекшісі ретінде тағайындағанын айтқан.

"Бюрократиясы аз тиімдірек үкімет құру Тәуелсіздік декларациясының 250 жылдығы қарсаңында америкалықтарға керемет сый болады", - деп келтірде басылым Дональд Трамптың мәлімдемесін.

Жаңа басқарманың мақсат-міндеті - "мемлекеттік бюрократияны жою, шамадан тыс реттеулерді азайту, тиімсіз шығындарды қысқарту және федералдық қызметтерді қайта құрылымдау" деп айтылады. Басқарма 2026 жылдың шілдесіне дейін өз жұмысын аяқтауы керек.

"SpaceX және Tesla компанияларының негізін қалаушы Илон Маск және Roivant Sciences дәрі-дәрмек компаниясының негізін қалаушы Вивек Рамасвани мемлекет шығынын қысқартып, мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту тәрізді үндеулерімен танылған", - деп жазылған деректе.

Айта кетейік, бұған дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Саясаттану кафедрасының меңгерушісі м.а. Жанат Момынқұлов Dalanews.kz-ке сұхбат беріп, АҚШ-тағы сайлау нәтижелері туралы болжам жасады.

"Трамп әлемдік саясатта ойып тұрып орын алады. Оның үстіне қазіргідей дағдарыс, соғыс жағдайында оның іс-қимылы - бәрі өте маңызды. Бірақ Харрис қалған жағдайда Американың осы саясаты жалғаса береді. Қытайға, Ресейге, Иранға қатысты шектеу, тежеу саясаты жүреді.

Менің ойымша, Харристің жеңісіне қуанамыз. Ал Трамп келетін болса, Ресеймен қарым-қатынасындағы өзгерістер Орталық Азияға, бізге салқын әсер етеді. Бәрі айналып келгенде халықаралық жүйеге әсер етеді. Біз болжап болмайтын оқиғалар басталып кетуі мүмкін. Харрис Орталық Азияға жаңа бір көзқарас танытуы мүмкін, ол - Ақ үйдің маңындағы бюрократтардың өкілі, тұрақтылықтың "гарантиясы". Ал Трамп келсе, Украинадағы жағдай ұзаққа созылатын дауға айналуы мүмкін. Сондықтан, менің ойымша, Харристің келгені Қазақстанға тиімді. Орталық Азияға тікелей әсері болмаса да, шешімдері арқылы айналып келгенде әсері болады", - деді ол.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар