Лондон және Нью-Йорк қор биржаларына жасаған шолуында Қазақстан миноритарлар акционерлері қауымдастығы (QAMS) Kazatomprom (KAP) акцияларының құны 3.5%-ға күрт артқанына назар аудартады. Сарапшылар бұған Тармптың атом энергетикасын қолдау туралы бұйрығы түрткі болғанын айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Трамп бұйрығында не туралы айтылады?
АҚШ президенті Дональд Трамп алдағы 25 жыл ішінде ішкі атом энергиясы өндірісін төрт есе арттыруды бұйырған Жарлыққа қол қойды.
"Америкалық атом энергетикасының қуатын 2024 жылғы шамамен 100 ГВт-тан 2050 жылға қарай 400 ГВт-қа дейін арттыруға ықпал жасалсын", делінген Жарлықта.
Сондай-ақ құжат мәтінінде: "Атом энергетикасы Американы геосаяси қарсыластарына тәуелділіктен арылуға көмек бола алуы мүмкін" делінеді.
Жарлықта Дональд Трамп Ядролық реттеу жөніндегі комиссияның (NRC) радиациялық қауіпсіздік стандарттары тым қатаң екенін атап өткен.
"NRC радиацияның қауіпсіз шегі жоқ және зиянды сәулелену дәрежесіне тура пропорционал екенін көрсететін қауіпсіздік модельдерін пайдаланады. Бүгіннен бастап менің әкімшілігім NRC құрылымын, қызметкерлерін, ережелерін және негізгі операцияларын қоса реформалауды бастайды. Осылайша біз Американың әлемдік атом энергиясы нарығында тұрақты үстемдігін қамтамасыз етеміз", - делінген Жарлықта.
Дональд Трамп 2030 жылға қарай 10 жаңа ядролық реактор салуды мақсат етіп отыр.
"Жаңа ядролық қуаттарды тезірек орнату және олардың ауқымын барынша арттыру үшін Энергетика министрлігі қолданыстағы ядролық реакторлардың қуатын 5 ГВт-қа арттыруды қамтамасыз ету және 2030 жылға қарай 10 жаңа ірі реактор салу үшін атом энергетикасы өнеркәсібімен жұмыс істеуге басымдық беруі керек", - делінген Жарлықта.
Айта кетсек, Қазатомөнеркәсіп 2024 жылы уран өндіру және қаржылық көрсеткіштері бойынша тұрақты нәтижелерге қол жеткізді. Компания уран өндіру көлемін 23 мың тоннадан асырды, ал сату көлемі 16,5 мың тоннадан жоғары болды. 2023 жылмен салыстырғанда кіріс 26%-ға өсіп, рекордтық 1,8 трлн теңгеге жетті. Компания Қазақстан бюджетіне 723 млрд теңгеден астам салық аударды, оның ішінде 31 млрд теңгеден астамы өңірлік бюджеттерге жіберілген. Қазатомөнеркәсіп уран өндірумен қатар, ядролық отын циклін дамытуға да басымдық береді. Үлбі металлургия зауытында отын таблеткалары, ал "Үлбі-ТВС" зауытында жылу бөлетін құрамалар өндірілуде. 2023 жылы "Үлбі-ТВС" зауыты жылына 200 тонна төмен байытылған уран өндіру қуатына жетті.
2025 жылы 18 наурызда Қазақстанда Атом энергиясы жөніндегі агенттік құрылды. "Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін", - деді Мемлекет басшысы аталған агенттікті құру туралы шешімін жариялаған Ұлттық құрылтайдың IV отырысында.