Қазақстанда Президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігі құрылады

Кәмшат Тілеухан 14 нау. 2025 17:32 137

Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылдағанын жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Азаматтарымыз референдумда бірінші атом электр стансасын салу туралы шешімге қолдау көрсетіп, осы міндетті орындауға жол ашып берді. Бұл қадам алыс болашақтағы ахуал қалай болатынын ескере отырып, энергетика саласын кешенді түрде, жан-жақты ойластырып дамыту қажеттігін көрсетеді.Мәселе еліміздің энергияға деген қазіргі сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ. Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар. Мен, дәл сол себепті, Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін", - деген Мемлекет басшысы осы міндеттің айрықша маңызды екенін ескеріп, өзінің Президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

Бұл ретте Мемлекет басшысы біздердің газ бен көмір өндіру ісіндегі мүмкіндіктерімізді, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздерінің әлеуетін толық пайдалануымыз керек деп санайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар