Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайға Олжас Бектеновтің кандидатурасын Премьер-министр қызметіне ұсынды, деп хабарлайды Dala News.
Мемлекет басшысы Құрылтайдағы саяси партиялар фракцияларының жетекшілерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында Президент жаңа Конституцияның 46-бабына сәйкес Премьер-министр кандидатурасы бойынша фракция жетекшілерімен кеңесуі тиіс екенін айтты.
«Тоқаев Құрылтайдағы саяси партиялар фракцияларының жетекшілерімен кездесті. Фракция жетекшілеріне сөз арнаған Президент Қазақстанның жаңа Конституциясының 46-бабына сәйкес Олжас Бектеновтің Премьер-министр қызметіне кандидатурасы бойынша олармен кеңесуі тиіс екенін хабарлады», – делінген Ақорда хабарламасында.
Кездесуге «Әділет» партиясы фракциясының жетекшісі Ербол Адаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының жетекшісі Қайрат Айтуғанов, Respublica партиясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров, «Ақ жол» демократиялық партиясының жетекшісі Дания Еспаева және Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның жетекшісі Асхат Рахымжанов қатысты.
Қазіргі уақытта Олжас Бектенов Премьер-министрдің міндетін атқарушы мәртебесінде отыр.
Бектенов Үкіметті алғаш рет 2024 жылғы ақпанда басқарды. Оған дейін, 2023 жылғы сәуірден бастап Президент Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған. Ал бұған дейін, 2022 жылғы ақпаннан бастап, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болды.