Freedom Inside '26

Тоқаев ЕО-мен ынтымақтастықтың келесі он жылдағы басым бағыттарын атады

Тоқаев ЕО-мен ынтымақтастықтың келесі он жылдағы басым бағыттарын атады
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews басылымында жарияланған авторлық мақаласында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы серіктестіктің келесі онжылдықтағы негізгі бағыттарын айқындады. Мақала мемлекет басшысының Брюссельге сапары қарсаңында жарық көрді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастық енді нақты нәтижелерге бағытталуы тиіс. Ол алдағы он жылдағы өзара әріптестіктің үш стратегиялық басымдығын атады.

Бірінші бағыт – экономикалық байланыстарды тереңдету. Президент Қазақстан Еуропаның сенімді сауда және инвестициялық серіктесі болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, тараптар шикізат жеткізумен ғана шектелмей, қосылған құны жоғары өндірістерді дамытуға басымдық беруі керек. 

Екінші басымдық – көлік және логистика саласындағы ынтымақтастық. Мемлекет басшысы геосаяси өзгерістер жағдайында Еуропа мен Азияны жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағытының, яғни Орта дәліздің маңызы артып келе жатқанын жазды. Оның пікірінше, бұл бағыт екі құрлық арасындағы сауда айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді. 

Үшінші бағыт ретінде Тоқаев цифрландыру, инновация және жасанды интеллект саласындағы әріптестікті атады. Президент жаңа технологиялар экономикалық өсімнің басты драйверіне айналып жатқанын айтып, Қазақстан мен ЕО бұл бағытта күш біріктіруге мүдделі екенін жеткізді. 

Сонымен қатар мақалада энергетика, сирек кездесетін металдар және жасыл экономика мәселелері де қамтылған. Тоқаев Қазақстан Еуропаның маңызды шикізат серіктестерінің бірі бола алатынын атап өтті.

«Өткен онжылдық бізге табысты серіктес бола алатынымызды көрсетті. Ендігі міндет – осы серіктестікті нақты нәтижелерге айналдыру», – деп жазды Қазақстан президенті.