Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі қазіргі жағдайды бұрын-соңды болмаған, хаостық әрі болжау қиын кезең деп бағалап, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін толық орындай алмай отырғанын айтты, деп хабарлайды Dala News.
Мемлекет басшысының айтуынша, әлемде болып жатқан оқиғалар барған сайын жүйесіз сипат алып, іс жүзінде барлық мемлекеттер мен халықтарды қамтып отыр.
«Әлемде болып жатқан бұрын-соңды болмаған оқиғалар қар көшкіні секілді, жүйесіз, хаостық және алдын ала болжау қиын сипатқа ие. Бұл катаклизмдер іс жүзінде барлық мемлекеттер мен халықтарды өз орбитасына тартты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, әсіресе ірі мемлекеттер бір-біріне деген сенімін жоғалта бастаған. Бұл жағдай Біріккен Ұлттар Ұйымы мен оның институттарының жұмысына кері әсерін тигізіп отыр.
«Мемлекеттер, әсіресе ірі елдер, іс жүзінде бір-біріне сенуді тоқтатты. Бұл БҰҰ мен оның институттарының қызметіне кері әсерін тигізді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаһандық және өңірлік бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі өзіне жүктелген миссиясын орындауды тоқтатты», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев мұндай жағдайда өңірлік халықаралық ұйымдардың рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар әлемдік аренада «орта державалар» деп аталатын мемлекеттердің ықпалы күшейген. Қазақстан да осы санатқа жатқызылады.
Президент қазіргі тұрақсыздық жағдайында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуын да ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, бұл үдерістің түпкілікті ғана емес, аралық нәтижелері де әлі талас тудырады және кей жағдайда технологияларды әзірлеушілердің өзіне де түсініксіз.
Тоқаев бұған мысал ретінде жақын болашақта ядролық қарудың орнын жасанды интеллект құралдары басуы мүмкін деген болжамды келтірді.
«Мұның бәрі әлемдік дамуда заңдылық пен логиканың жоқтығын, оның болашақ ұрпақ үшін аса ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін көрсетеді», – деді Президент.