Қасым-Жомарт Тоқаев "ШЫҰ плюс" саммитіне қатысты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы "ШЫҰ плюс" форматында жалғасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев реформалар табысты жүзеге асуына және Құрылтай сайлауына орай жылы лебізін жолдаған мемлекеттер басшыларына алғыс айтты. Сондай-ақ, Қазақстан теңгерімді, сындарлы әрі бейбіт сыртқы саясаттан ешқашан айнымайтынын растады.
Бұдан кейін Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметін одан әрі жетілдіруге қатысты пікір білдірді.
"БҰҰ атына жиі сын айтылады. Кейбір сын орынды болса да, бәрібір бұл ұйымның баламасы жоқ. Оны нығайту, тиімділігін арттыру – ортақ міндетіміз. БҰҰ-ның аймақтық құрылымдармен, соның ішінде ШЫҰ-мен тығыз ықпалдастығы осы мақсатқа сай келеді. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық жүйенің өзегі, ал оның жарғысы халықаралық құқықтың әмбебап негізі болып қалуға тиіс деп санайды", – деді Президент.