Тоқаев Бектеновтың жұмысына баға берді

Көркем Алдабергенова 28 қаң. 2025 11:40 46637

Президент Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында Премьер-министр Олжас Бектеновтің жұмысына баға беріп, экономиканың қазіргі жай-күйіне тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, сыртқы және ішкі ахуалдағы «жағымсыз жайттар» экономикаға тікелей ықпал еткен. Соған қарамастан, билік жағдайды күрделендірмей, бақылауда ұстауға тырысыпты.

«Жалпы нәтиже жаман емес. Өткен жылды толық көрсеткіштермен аяқтадық, – деді Тоқаев. – Алайда жайбарақат отыруға болмайды. Шешімін күткен түйткілдер әлі де жеткілікті. Бұл мәселелерді сарапшылар да, бұқара да көріп, біліп отыр. Экономикамыз әлі күнге дейін әртараптандырылмаған және Ұлттық қор қаржысына тым тәуелді".

Президенттің сөзінше, Ұлттық қор – әлеуметтік экономиканың бір тармағы ретінде елге үлкен септігін тигізіп келеді. Дегенмен Мемлекет басшысы бизнес қауымдастықтың инвестициялық белсенділігін жеткілікті деңгейде емес деп есептейді.

«Бизнестің инвестициялық белсенділігі әлі де төмен. Бұл олқылықтарды биылдан қалдырмай жою керек», – деді Тоқаев.

Өз кезегінде Бектенов Ұлттық қордың ақшасын пайдалану тәртібіне өзгеріс енгенін атап өтті.

"Ұлттық қордың қаражаты, сіз тапсырғаныңыздай, тек ірі инфрақұрылымдық объектілерді салу үшін ғана сұралатын болады.Сонымен қатар біз мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттырып, бюджет тәртібін нығайтамыз", - деді ол Мемлекет басшысына қарата.

Сарапшылардың болжамынша, Қазақстан экономикасының тұрақты дамуы үшін шикізаттық кіріске тәуелділікті азайтып, жеке сектордың үлесін арттыру маңызды. Ал Үкімет бұл бағыттағы іс-қимылды жақын арада нақтылай түсуді жоспарлап отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар