Қазақ тілінің тағдыры – ел тағдыры. Соңғы жылдары қоғамдағы ең өткір әрі сезімтал тақырыптардың бірі – мемлекеттік тілді дамыту мәселесі. Қазір қазақ тілін оқытуға және мектептерде шынайы тілдік орта қалыптастыруға арналған шаралар жүйелі түрде жүзеге асуда.
2023 жылдан бастап балабақшаларда жүзеге асып жатқан «Тілге бойлау» бағдарламасы – осы бағыттағы жаңа бастамалардың бірі. Ерте жастан тілге баулу идеясы әлемдік тәжірибеге сүйенгенімен, қазақстандық жағдайға бейімделіп жасалғаны ерекше мәнді бағдаралма.
Ғалымдар да, практик мамандар да ерте жастағы қабылдау қабілеті ересектерден әлдеқайда жоғары екенін жақсы біледі. Демек, баланы үш жасынан бастап мемлекеттік тілге баулу – болашақта тілдік кедергіні азайтудың ең тиімді жолы. Бағдарлама қазірдің өзінде бес өңірде сыналып жатыр, алдағы уақытта ел көлемінде енгізілмек. Мұндағы басты жаңалық – қазақ тілін үйрету шығармашылық еркіндікке негізделіп, баланың қиялы мен ойлауын шектемей, керісінше дамытуға бағытталуы.
Қазақ тілін үйрету ата-ананың сұранысы мен қоғамның қажеттілігіне тіреліп тұр. «Тілге бойлау» жобасы да ата-аналардың пікіріне сүйеніп жасалған. Бұл – мемлекеттік саясаттың халықпен үндестігінің белгісі. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, ата-ана мен мектептің мүддесі бір арнаға тоғысқанда нәтиже әлдеқайда жоғары болады. Бала мектепте алған білімн үйде жалғастырып, күнделікті ортада қолданса, тілдің өміршеңдігі артады. Сондықтан бұл бағдарламаның кезең-кезеңімен мектеп жүйесіне енгізілуі – уақыт талабы.
2024 жылы 5,5 мыңнан астам қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі біліктілігін арттырды. Бұл бағыттағы жұмыстар сапалы білім беру ісінің тірегі. Өйткені мұғалімнің кәсіби деңгейі жоғарыламай, оқушының нәтижесі де өспейді. Біліктілікті арттыру нақты әдіс пен тәжірибе беруге бағытталса ғана шынайы нәтиже береді. Соңғы жылдары педагогтарға арналған тренингтерде цифрлық құралдарды қолдану, коммуникативтік әдістемелерді енгізу және тілдік ортаны құрудың жаңа тәсілдері басты назарға алынып келеді.
Елеулі жаңалықтардың бірі – алғаш рет 5–8 және 10-сынып оқушылары үшін қазақ тілінен емтихан тапсырудың енгізілуі. Бұл оқушылардың бағдарламаны тереңірек меңгеруге ынталандыратын түсетіні анық.
Осы реформалардың барлығын бір арнаға тоғыстырсақ, мемлекет қазақ тілін дамытуды тек ұранмен емес, нақты іспен жүзеге асырып отырғанын көреміз. Тілдің мәртебесі тек заңда жазылған баптармен емес, күнделікті мектепте, балабақшада, отбасында жүзеге асқанда ғана күшейеді. Сондықтан «Тілге бойлау» сияқты бағдарламалар мен мұғалімдердің кәсіби дамуына салынған инвестициялар – тіл саясатының тірегі айналып келеді.