Интернет кеңістігіне жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері TikTok және Instagram әлеуметтік желілерінде бейәдеп сөздер айтылған бейнежазбаны анықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тексеру нәтижесінде автордың, құқық бұзушының жеке басы анықталды. Ол – Ақтөбе облысының 38 жастағы тұрғыны Санат Нұртаев. Аталған азамат қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция әлеуметтік желілердің көпшілікке қолжетімді қоғамдық кеңістік екенін еске салады. Сондықтан Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптары интернет пайдаланушыларының әрекеттеріне де толық көлемде қолданылады.
Еске салайық, бұған дейін Абай облысында TikTok-та тікелей эфирде балағат сөз айтқан желі қолданушысы қамауға алынған болатын.
Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде заңға қайшы контент таратқан тоғыз авторды әкімшілік жауапкершілікке тартты.