Лайк, қаралым, донат үшін шектен шыққан: TikTok стримде отырып, заң бұзған 9 адам жауапқа тартылды

Лайк, қаралым, донат үшін шектен шыққан: TikTok стримде отырып, заң бұзған 9 адам жауапқа тартылды
ІІМ

Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде заңға қайшы контент таратқан тоғыз авторды әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, олар лайк, қаралым және донат үшін ештеңеден тайынбай, шектен шыққан. TikTok-тағы тікелей эфирлерде балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсетіп, қауіпті пранктер ұйымдастырып, адамдарды қорлаған.

"TikTok-та "Бауырсақ" лақапатымен Астана қаласының 37 жастағы тұрғыны Ештаева Индира Оразқызы тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, заңсыз контент таратқан. Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін оған әкімшілік айыппұл салынды. Алматы қаласында 32 жастағы Батырбек Ақтөре Сейсембекұлы тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, айналасындағыларды қорлаған. Сот шешімімен ол бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Шымкент қаласында 20 жастағы Сейдалиев Данияр аудиторияның назарын аудару мақсатында тікелей эфирде электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін әдейі ұйымдастырып, эфир барысында балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған. Осы әрекеті үшін ол сегіз тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Жамбыл облысында "Алтын қыз" лақап атымен 41 жастағы Қасымова Лайло Джубанышбекқызы бірнеше рет тікелей эфирге шығып, балағат сөздер айтып, құқыққа қайшы контент таратқан. Оған да әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ, осы облыста 19 жастағы Байбек Жарқынай мен Танаберганов Асылжанның TikTok-та донат жинау және аудитория тарту мақсатында тікелей эфирде бір-біріне әдейі дене жарақатын салып, "хайп" үшін контент жасағаны анықталды. Екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Министрлік интернеттегі анонимділік жауапкершіліктен құтқармайтынын ескертті.