Абай облысында TikTok-та тікелей эфирде балағат сөз айтқан желі қолданушысы қамауға алынды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Абай облысының полиция қызметкерлері TikTok платформасындағы құқыққа қайшы тікелей эфирді анықтады. Эфир барысында бойжеткен балағат сөздер айтып, әдепсіздік көрсетті және есірткі қолданатынын мәлімдеген.
Полиция қызметкерлері оның жеке басын жедел анықтады. Құқық бұзушы Түркістан облысының тумасы, Семей қаласында уақытша тұрған 26 жастағы Азиза Қоқанова болып шықты.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ол алкогольдік масаң күйде болған.
Сот шешімімен ұсақ бұзақылық жасағаны үшін оған 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.
Интернеттегі әрбір осындай тікелей эфир, заң мен қоғамдық тәртіпті бұзудың әрбір фактісі тиісті түрде құқықтық тұрғыдан бағаланып, тиісті шаралар қабылданады.