Tesla Education дауына тап болған балалар өзге білім орталықтарында тегін оқуды жалғастырады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Елдегі жетекші білім беру орталықтары бірлесіп, ата-аналар мен оқушыларды тығырықтан шығаруға келіскен.
Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков "Пифагор", JUZ40, "Самға", "Достық", "Зерделі" және басқа да танымал орталықтармен онлайн кездесу өткізген.
Кездесуде көтерілген негізгі мәселелер – Tesla Education төңірегіндегі жағдайдан зардап шеккен үш мыңнан аса оқушы мен ата-ананы қалай қорғауға болатыны және мұндай оқиғалардың алдын алу жолдары.
Білім орталықтары ортақ шешімге келе алған. Шығынға ұшыраған отбасылардың балаларын өзара бөліп, ҰБТ-ға және басқа да пәндер бойынша тегін дайындауды мойнына алған. "Зерделі", "Пифагор" және JUZ40 орталықтары бұған дайын екенін растаған. Бір талап – ата-ана төлем жасағанын дәлелдейтін түбіртек.
Еске салайық, бұған дейін мыңдаған ата-ана білім орталығын алаяқтықпен айналысты деп айыптады.
