Мыңдаған ата-ана білім орталығын алаяқтықпен айналысты деп айыптады

Көркем Алдабергенова 19 қар. 2025 10:02

Қазақстанда жұмыс істеп келген Tesla Education білім беру орталығына қатысты ата-аналардың шағымы көбейді. Әлеуметтік желілерде ондаған видео мен жазба таралып, кей ата-аналар орталықты «алаяқтық схема қолданды» деп айыптап отыр. Айтуларынша, компания 300-ден астам ата-анамен ұзақ мерзімді келісімшартқа отырып, алдын ала төлем алғанымен, білім сапасы күткен деңгейде болмаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ата-аналардың бірі әлеуметтік желіде оқу ордасына шағымданған. 

"Tesla Education білім беру орталығының алаяқтық схемасына қатысты шағымымды айтқым келеді. Олар 300-ден астам ата-ананы алдады. Мен де солардың қатарындамын. Компания Instagram-дағы таргет жарнама арқылы ата-аналарды тартып, бір-екі жылдық келісімшартқа отырғызады. Көпшілігі бөліп төлеуге келіседі. Менің баламның бір жылдық оқу ақысы 660 мың теңге болды. Бірақ уәде етілген білім сапасы мүлде сәйкес келмеді. Маған олардың оқыту деңгейі ұнамағандықтан әрі баламды алыстан тасып жүру қолайсыз болғандықтан, келісімшартты бұзуға мәжбүр болдым", – дейді ата-ана.

Шағым иелері орталықтан ақшаны қайтару да қиындық тудырғанын айтады.

Көпшілік шағымнан кейін Tesla Education компаниясының негізін қалаушы Айдос Сексенәлі ресми мәлімдеме жасап, орталықтың жұмысы уақытша тоқтатылатынын хабарлады.

Оның айтуынша, компания ауыр қаржылық қиындыққа тап болған:

"Мен – Айдос Мелисұлы Сексенәлі, орталықтың негізін қалаушысымын. Компанияның қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр болып отырмыз. Бұл өте ауыр шешім. Жылдар бойы балаларға сапалы және қауіпсіз орта қалыптастыруға бар күшімізді салдық. Өкінішке қарай, компания үлкен қаржылық дағдарысқа және кассалық тапшылыққа тап болды. Бұл жағдай әдейі жасалған әрекет емес. Қателіктер болды, бірақ олардың ешқайсысы қасақана жасалмаған", – деді ол.

Сексенәлі барлық төлемдер толық қайтарылатынын мәлімдеді:

"Клиенттер алдындағы барлық міндеттемелер орындалады. Қалған сабақтарға төленген қаражат толық көлемде қайтарылады. Бұл уақыт алады, бірақ әр соманың қайтарылуына жеке өзім жауап беремін. Ешкім назардан тыс қалмайды", – деді ол.

Оның айтуынша, ақша қайтару процесін бақылау үшін ата-аналарға жеке график пен хабарлама жүйесі әзірленеді.

Негізін қалаушы қызметкерлерді де қорғады.

"Орталықтың барлық қызметкерлері нұсқаулық бойынша және менің тапсырмаларыммен жұмыс істеді. Олар әрдайым орталықтың адал әрі тұрақты қызмет етуін қалады. Жауапкершілікті өз мойнымнан алмаймын", – деп атап өтті ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар