Ресей президентінің Қазақстандағы мемлекеттік сапары кезінде "Астана Опера" театрындағы LED-экранда Украинаның туы көрсетілген. Ішкі істер министрлігі бұл дерекке қатысты тергеуді бастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
27 қарашада "Астана Опера" театрының экранында бастапқыда Ресей туы көрсетіліп тұрған. Артынша экранда Украина туы көрсетіле бастаған.
"Чемодан госсекретов" телеграм арнасындағы мәлімет бойынша,Украина туы көрсетілген LED-экранға шетелдік IP-мекенжайдан прокси-жүйелерді қолдану арқылы шабуыл жасалған.
"Мемлекеттік техникалық қызмет істің мән-жайын анықтау бойынша техникалық шаралар кешенін жүргізуде. Қылмыстық іс қозғалды", делінген жазбада.
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі екі нұсқаны қарастырып отыр: біріншісі - техникалық ақау, екіншісі - хакерлік шабуыл.
«Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, заңсыз әрекеттерге кінәлілер жауапқа тартылады», - деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Еске салайық, 27 қарашада Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Астанаға мемлекеттік сапармен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев Путинді елорда әуежайынан қарсы алды.
Мәртебелі қонақты күтіп алу үшін әуежайда Құрмет қарауылы сап түзеді.
Қазақстан мен Ресей халықтарының шынайы достығының белгісі ретінде балалар екі елдің жалауын желбіретіп, қошемет көрсетті және Владимир Путин бастаған Ресей делегациясына ілтипат білдіріп, өлең оқыды.
Бұдан кейін кәсіби суретші Әсел Сабыржанқызы (Ассоль) Владимир Путин Астанаға ұшқан сәтте сала бастаған картинасын таныстырды. Ол сондай-ақ мемлекеттер басшыларына полотноны жазуға үлес қосуды ұсынды.
Картина Ресей Президентіне сапар соңында сыйға тартылады.