Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған орыстардың қолына өтеді - саясаткер Своик

Көркем Алдабергенова 28 нау. 2024 12:32 10669

Мәскеу Қазақстандағы орыс әлемінің «амбассадоры», саясаткер және экономист Петр Своик және бірқатар сарапшы арқылы өзінің мүддесін тықпалауға көшкен. Орыстілді БАҚ "Қазақстанның батысындағы энергетикалық компаниялардың активін ресейліктерге беру – Астана үшін дұрыс шешім болмақ" деген үгіт-насихатты күшейтуде, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Ресей Еуроодақ пен АҚШ-тағы тыйым салынған активтерін пайдалана отырып, Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған мұнай-газ жобаларындағы шетелдік компаниялардың акцияларын сатып алуы мүмкін деген болжам бар.

«Менің айтарым: Теңіз, Қарашығанақ және Қашағанаққа (мұнай және газ кен орындары) алдағы жылдары Ресей иелік етеді. Екі ықтимал жағдай болуы мүмкін. Біріншісі – ол жерден Батыс компаниялары кетеді. Олардың орнына ресейлік, қытайлық және қазақстандық компаниялар келеді. Ал екінші сценарий бойынша Батыс компаниялары жергілікті тәртіпке бағынып жұмыс істейтін болады. Бірақ олар елден кетуге мәжбүр болуы мүмкін», - дейді Петр Своик сұхбатында.

Тағы бір ресейлік БАҚ-та «Астана Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қол қойылған мұнайға байланысты келісімдерді қайтадан қарауды көптен бері армандап жүргені» жазылған.

«Сарапшының сөзінше, активтерді Ресейге беру ең дұрыс шешім», - деп жазылған Fedpress.ru материалында.

Осылайша бұл бастаманың басында қазақстандық тараптың өзі тұрған болуы мүмкін екені айтылады. Ресейлік сарапшы Игорь Юшков мұндай өзгеріс кімге тиімді екенін айтып берген.

«Каспий құбырының жұмысындағы ақаулар Ресейге қарсы жалпы санкциялар енгізілсе, Батыс тек ресейлік мұнайдан ғана емес, қазақстандық мұнайдан да айырылуы мүмкін екенін көрсетті. Ресей акционер болса, Қазақстан үшін бұл тәуекелдер жойылады. Ресей Каспий құбыр консорциумы қалыпты жұмыс істеуін, кен орындарының игерілуін және қазақ мұнайының экспортталуын қамтамасыз етуге мүдделі болады», - дейді сарапшы Fedpress.ru басылымына берген пікірінде.

Қазақстандағы жалпы мұнай өндірудің 80 пайызға жуығын АҚШ пен Батыс Еуропаның мұнай-газ алпауыттары игеріп жатқан Каспий теңізі аймағындағы Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған мұнай кен орындарында өндіріліп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін саясаткер әрі экономист Петр Своик оппозиционер Алексей Навальный туралы айтқан пікірі талқыға түскен болатын. Ол Навальныйды шовинист деп, оған жақтаспауға шақырған болатын. Оның пікірінше, Навальный демократ емес, керісінше орыстың «ярый» ұлтшылы. Ал Еуроодақ АҚШ-тың айтқанымен жүріп-тұратын еркіндігінен айырылған шалажансар құрылым.

DALA INSIDE мәліметінше, бүкіл Қазақстан экономикасы КТК құбырына қарап отыр. Еліміз 2023 жылы 90 миллион тонна мұнай өндіріп, оның 70,5 миллион тоннасын экспортқа жіберген. Соның 56 миллион тоннасы КТК арқылы Еуропаға кетті. Теңіз кенішінен 27,4 миллион тонна, Қашағаннан 17,8 миллион тонна, Қарашығанақтан 9,6 миллион тонна КТК құбырына құйылды. Бір сөзбен айтқанда, КТК құбырына дәл қазір балама жоқ. Новороссийскідегі терминалға бомба түссе, қазақ экономикасы тоқтайтын болады. Одан Shevron, Shell, Eni сияқты алпауыттар да орасан зиян шегеді.

Еске салайық, былтыр DALA INSIDE "Орыс әлемі" идеологиясын жүргізетін Россотрудничество ұйымы Қазақстанда Ресейді қолдайтын және орыс тілінің ықпалын сақтап қалуға ниетті азаматтардың басын қосып, олардың бастамашыл топ ретінде қозғалыс не партия құру мүмкіндігін ойластыра бастағанын жазған болатын. 

Мандатынан айрылған депутат Азамат Әбілдаевтың кандидатурасы лайық деп танылған. Бірақ бұл мәселені шешу үшін, алдымен Әбілдаевпен келіссөздер өтетін болады. Партияның идеологиялық блогын Ресейден көп жылдан бері грант алып жүрген саясаттанушылар Данияр Әшімбаев пен Марат Шибұтовтар оңай құрып бере алады.

Россотрудничествомен жұмыс істейтін саяси технологтар лидер ретінде міндетті түрде қазақша жақсы сөйлейтін қазақ керек екенін түсінген. Азамат Әбілдаев осы рөлге таптырмайтын кандидат болып тұр. Болашақ партияның нақты атауы бекітілмеді. Әзірге Россотрудничествоға "Za наш дом - Казахстан!" атауы көбірек ұнап отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x